Солтүстік Қазақстан облысында өткен ауқымды жеке қабылдау аймақ үшін маңызды оқиға болды. Іс-шараға облыстың барлық аудандарынан келген тұрғындар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, әр азамат өз мәселесін тікелей айтуға және жедел жауап алуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Social Media.

Қабылдау Шәкірттер сарайында өтті. Кең әрі жайлы ғимаратта тұрғындар мен басшылардың еркін тілдесуіне барлық жағдай жасалды. Мұнда кеңес беру, күту және өтініштерді тіркеу аймақтары жұмыс істеді. Адамдар ағыны тиімді ұйымдастырылып, әркім өз сұрағын қоюға жеткілікті уақыт алды.

Алаңда атқарушы және әлеуметтік маңызы бар құрылымдардан бастап, құқық қорғау жүйесіне дейін 30-дан астам мемлекеттік орган басшылары қатысып, халыққа түрлі бағыт бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, қабылдаумен қатар жұмыс істеген бірыңғай call-орталыққа тағы 60 қоңырау түсті. Бұл қабылдауға келе алмаған азаматтардың да мәселелерін қамтуға мүмкіндік берді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов онлайн және офлайн форматта 48 адамды қабылдады. Әрбір тұрғын өз жағдайын егжей-тегжейлі баяндады, ал өңір басшысы сұхбат барысында жауапты ведомстволарға нақты тапсырмалар беріп отырды. Қабылдау қорытындысы бойынша барлық өтініш тіркеліп, тапсырмалар тиісті басқармаларға жолданды. Жалпы облыс бойынша 700-ге жуық жеке және ұжымдық өтініш қабылданды. Бұл көрсеткіш халықтың билікпен тікелей диалогқа деген жоғары сұранысын айқын көрсетті.

Алғаш болып көтерілген мәселелердің бірі – Қызылжар ауданының тұрғындары Татьяна Климощенко мен Ермек Сурағановтың өтініші. Олардың Прибрежное ауылындағы үйлері көктемгі су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен. Отбасы үйді қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыс атқарған: бүлінген құрылымдар ауыстырылып, қабырғалар жөнделіп, ішкі әрлеу жүргізілген. Алайда тұрғындар көктемгі су басу қаупінің қайта туындауынан әлі де алаңдаулы. Негізгі сұрақ — қорғаныс бөгетінің келесі көктемге дейін салынып үлгеруі.

Татьяна мен Ермектің айтуынша, бөгеттегі жұмыстар шамамен бір ай бұрын тоқтап қалған, бұл олардың алаңдаушылығын күшейткен. Олар аудан әкімдігіне жүгінген, әкім жағдайды көруге шыққанымен, тұрғындар жұмыс жалғасқанын байқамаған. Соның нәтижесінде олар облыс басшысына тікелей өтініш білдіруге шешім қабылдады.
Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды мұқият тыңдап, нысан бойынша нақты ақпарат берді. Ол бөгет салу жобасы барлық қажетті зерттеулер мен сараптамалардан өткенін атап өтті. Қаржыландыру толық қамтамасыз етілген, жұмыстың тоқтау қаупі жоқ. Әкімнің айтуынша, 15 желтоқсанға дейін жер жұмыстары аяқталады, содан кейін мердігерлер бетон блоктарымен нығайтуға кіріседі. Сондай-ақ тұрғындарды көшірмеу туралы шешім олардың көп жылдар бойы осы жерде тұруы және үйреншікті өмір салтын сақтауға деген тілектерін ескере отырып қабылданған. Әкім нысан толық әрі сапалы аяқталатынына сендірді. Кездесу соңында тиісті органдарға жұмысты жеделдету және белгіленген мерзімді сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Келесі мәселемен қабылдауға тұрғын үй иелері бірлестігінің төрайымы Әмина Сальжанова жүгінді. Ол Астана және Алматинская көшелерінің қиылысында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары атынан сөйледі. Бұл учаскеде ауыр жүк көліктері жиі жүретіндіктен, жол жамылғысы тез тозып, шұңқырлар пайда болған. Бұл тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық туғызуда. Тұрғындар қыста жолдың одан әрі нашарлап кетуінен қауіптенеді.
Облыс әкімі биыл жөндеу жұмыстары жүргізілмейтінін түсіндірді — жол маусымы аяқталған, ал ауа райы сапалы жөндеуге мүмкіндік бермейді. Дегенмен, аталған учаске келесі жылдың жоспарына енгізіліп, жаңа маусымда барлық ақаулар ретке келтіріледі. Әкім мұндай өтініштердің жөндеу жұмыстарының басымдықтарын дұрыс анықтауға көмектетінін атап өтті.
Жеке қабылдау көптеген кеңестер мен түсіндірулермен аяқталды. Мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік төлемдер, жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылымды жақсарту және басқа да маңызды мәселелер бойынша түсініктемелер берді. Көптеген тұрғындар үшін бұл кездесу өз мәселелеріне нақты жауап алуға, сондай-ақ олардың өтініштері бақылауда болатынына көз жеткізуге мүмкіндік болды. Іс-шара биліктің ашықтыққа және өңірдің дамуын жоспарлауда халықтың пікірін ескеруге дайын екенін көрсетті.

