Солтүстік Қазақстан облысында жылдың ең ірі әрі көптен күткен спорттық оқиғаларының бірі – облыстық жазғы спартакиада «Ақ бидай – 2025» өз жалауын көтерді. Биыл бұл ауқымды спорт мерекесін Тайынша ауданы қабылдап отыр. Төрт күн бойы өңірдің әр түкпірінен келген спортшылар спорттың 13 түрі бойынша бақтарын сынап, үздік атану үшін жарысады, деп хабарлайды Social Media.
«Ақ бидай» спартакиадасы – жай ғана жарыс емес. Бұл – бірлік пен жігердің, салауатты өмір салтын насихаттаудың, ел болашағына үлес қосатын жастарды тәрбиелеудің жарқын үлгісі. 930-дан астам спортшы қатысатын додада жаңа есімдер анықталып, өңірлік спорттың даму қарқыны арта түспек.
Салтанатты ашылу рәсімі «Жеңіс» стадионында өтті. Іс-шарада облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, спартакиаданың маңыздылығына ерекше тоқталды. «Мұндай жарыстар – танымал спортшылардың жолын ашқан алғашқы баспалдақ. Бұл – жігер мен табандылықтың, патриотизм мен достықтың мерекесі», – деді өңір басшысы.
Қатысушы командалардың парадынан кейін мереке Қазақстан эстрадасының жұлдыздары – «Бәйтерек», «Манго» топтары және жас дарынды орындаушы Жасдауреннің қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты. Кештің соңы жарқын отшашумен түйінделді.
«Ақ бидай – 2025» – бұл спорт арқылы қоғамды біріктірудің, салауатты өмір салтын дәріптеудің, сондай-ақ жастардың бойында отансүйгіштік пен табандылық қасиеттерін қалыптастырудың айқын үлгісі. Мұндай спартакиадалар аудандар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, болашақ чемпиондарға жол ашады.