Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының тілдік даярлық кафедрасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, майор Ақмарал Сәркенқызы – қазақ тіл ғылымы мен әскери білім беру саласын тоғыстыра білген абыройлы ұстаз әрі білікті ғалым. Ол өзінің ізденісімен мемлекеттік тілдің беделін арттырып, жастардың бойына ұлттық рух пен ізгілікті сіңіруге үлкен үлес қосып келеді, деп хабарлайды Social Media.
Ақмарал Сәркенқызы 1978 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы Жаңажол ауылында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар болып өскен ол Ғ. Малдыбаев атындағы мектепті үздік тәмамдап, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Студенттік жылдары түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
2002 жылы ұстаздық жолға қадам басып, жас маман ретінде алғашқы дәрістерін оқыды. Ізденімпаздық пен еңбектің арқасында 2006 жылы белгілі ғалым, академик Мырзатай Серғалиевтің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды. 2022 жылы қауымдастырылған профессор ғылыми атағын иеленді.
2002–2012 жылдары М. Қозыбаев атындағы университетте доцент, декан орынбасары болып қызмет атқарды. Бұл кезеңде ол жас ғалым ретінде ғана емес, білікті ұйымдастырушы ретінде де танылды.
2012 жылдан бастап өмірінің жаңа кезеңін бастады — Ұлттық ұлан Академиясында қызмет етуді жалғастырып келеді. 2013 жылы әскери қызметке қабылданып, кіші сержанттан бастап майор шеніне дейін өсті. Осылайша ұстаздық пен әскери тәртіпті ұштастыра отырып, ерекше жолды қалыптастырды.
Ақмарал Сәркенқызының қаламынан 100-ден астам ғылыми мақала мен оқу-әдістемелік құралдар жарық көрді.
2017–2018 оқу жылында «Қазақ тілі» оқу құралы республикалық байқауда І орынға ие болды. 2019 жылы жарық көрген «Қазақша-орысша және латын әліпбиі негізіндегі әскери сөздік» мемлекеттік тілдің әскери ортадағы қолданысын кеңейтті. Ғылыми конференциялар мен әдістемелік семинарлардың тұрақты қатысушысы ретінде әріптестеріне тәжірибе бөлісіп келеді.
Ақмарал Сәркенқызының еңбегі бірнеше мәрте мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары бағаланды: «Ұлттық ұланның үздігі» төсбелгісі (ІІ дәрежелі, 2020 ж.), «Қазақстан Республикасы құқықтық тәртіп әскерлеріне 30 жыл» мерекелік белгісі (2022 ж.), «Мінсіз қызметі үшін ІІІ дәрежелі» медалі (2023 ж.), «Үздік лингвист» номинациясының иегері (2019 ж.), 2014 жылдан бері Академия, Бас қолбасшылық және облыс, қала әкімдіктері тарапынан ондаған алғыс хаттар мен грамоталарға ие болды.
Сонымен бірге республикалық және облыстық байқауларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұстаздың басты мақсаты – курсанттарға қазақ тілін үйрету ғана емес, сонымен бірге ұлттық сана мен рухты дарыту. Ол дәрістерінде «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» идеяларын кеңінен қолданады.
Курсанттарымен бірге кітап оқу дәстүрін қалыптастырып, оларды тек білімге емес, рухани дамуға да жетелейді.
«Әскердегі тілдік дайындық – бұл тек грамматикалық білім емес, ол ұлттық құндылықты бойға сіңірудің жолы», — дейді ол.
Ақмарал Сәркенқызы – шәкіртінің табысына қуанатын мейірімді ұстаз, тіл тағдырына жанашыр ғалым және қоғамға пайдасын тигізіп жүрген парасатты азамат.
Әрбір дәрісі – өмірлік сабақ, әрбір еңбегі – ұлт болашағына қосылған үлес. Оның өмірлік қағидасы — «Өзің үшін емес, елің үшін еңбек ет».
Бүгінде ол ғылымды, ұстаздықты және әскери қызметті қатар алып жүріп, жас ұрпақтың болашағына, елдің рухани дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.