Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үй жануарларын, әсіресе мысықтар мен иттерді, жиі асырап, өміріне жылулық, жайлылық және қуаныш әкелуге ұмтылуда. Алайда, онымен бірге үй жануарын ұстау тек қана қуаныш емес, үлкен жауапкершілік екенін еске салу қажеттілігі де артып келеді. Осыған байланысты СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті үй жануарларының иелеріне оларды күтіп-ұстау және серуендету ережелерін еске салды, деп хабарлайды Social Media.
Қазақстан Республикасы заңнамасы үй жануарларын күтіп-ұстау нормаларын нақты реттейді, және ең алдымен бұл шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға және жануарларға қатыгездік көрсетудің алдын алуға бағытталған. Әсіресе, қалалық ортада бұл — тек жануарлардың ғана емес, айналадағы адамдардың да мүдделері мен қауіпсіздігін ескеру үшін маңызды. Пәтерде жануарлардың санына шектеу жоқ, бірақ әрбір үй жануары бірыңғай сәйкестендіру базасында міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бұл процедураны ветеринариялық клиникада жасауға болады. Сол жерде иесіне жануардың ветеринариялық паспорты беріледі. Ал серуендету бойынша қатаң ережелер қолданылады.
«Үй жануарларын серуендеткен кезде иелері мына талаптарды сақтауы тиіс: ит қоғамдық орындарда ұзындығы екі метрден аспайтын қарғыбауда болуы керек, ал намордник итті тасымалдау кезінде киіледі. Барлық тұқымдағы және олардың будандасқан мысықтары шлейка мен қарғыбауда серуендетіледі. Көшені кесіп өткенде немесе көлік жолына жақындағанда үй жануарын қарғыбауға алу керек, бұл жол-көлік оқиғаларының және жануардың қаза болу қаупін болдырмау үшін қажет. Иесі итті намордник пен шешіліп кетпейтін қарғыбауда байлап, өзі ғимарат ішінде болған уақыт аралығында ғимараттың жанында қалдыра алады. Итті серуендетуге тыйым салынған орындарда, иесі итпен намордник тағып және қарғыбауда ұстап, қоршағандарға қауіп төндірмей аумақтан өтіп кете алады», – деп хабарлады СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Қалалық ортада итті қарғыбаусыз және намордниктіңсіз тек арнайы белгіленген орындарда — яғни, дрессировка немесе еркін серуендету алаңдарында ғана серуендетуге болады. Үй жануарының иесі оған ветеринариялық-санитариялық жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
«Мысықтар мен иттер міндетті түрде егілуі және кенелер мен паразиттерден тоқсан сайын кемінде бір рет өңделуі тиіс. Итпен серуендегенде тазалық пен қауіпсіздікті сақтау қажет. Жануар үнемі намордник тағуы міндетті емес, бірақ иесінде ол болуы тиіс, қажет болған жағдайда қолдану үшін. Сондай-ақ, иесі жануарының нәжісін жинап, оны арнайы пакетке салып қоқыс жәшігіне тастауы керек. Үй жануарларының иелері жануардың физикалық және физиологиялық қажеттіліктерін ескере отырып, тиісті күтім жағдайын қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда уақтылы медициналық көмек көрсетуі тиіс», – деп атап өтті мамандар.
Егер иесінің қандай да бір себептермен үй жануарына күтім жасау мүмкіндігі қалмаса, ол оның әрі қарайғы тағдырына қамқорлық жасауға міндетті — мысалы, жануарды приют сияқты арнайы мекемеге тапсыру. Бұл тек қана адамгершілік қадамы емес, заң талабы да. Барлық аталған нормалар, ережелер мен міндеттер Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңында, сондай-ақ ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №168 бұйрығында, оған 2023 жылғы 19 қыркүйекте енгізілген өзгерістерде бекітілген. Бұл құжаттар елде жануарларды жауапкершілікпен күтіп-ұстау мәдениетін қалыптастырудың негізі болып табылады.
Мамандар тұрғындарды жануарлармен көрші болу баршаға — адамдарға да, жануарлардың өзіне де — үйлесімді әрі қауіпсіз болуы тиіс екенін ұмытпауға шақырады. Үй жануарлары — бұл жай ғана үйді әсемдейтін зат немесе қуаныш сыйлайтын тіршілік иелері емес, олар қамқорлыққа, назарға және адамның жауапкершілігіне мұқтаж тірі жандар. Оларды ұстау айналадағыларға қолайсыздық тудырмауы және қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс. Белгіленген ережелерді қатаң сақтау ғана көшелердің тазалығын, тұрғындардың тыныштығын және жануарлардың өздерінің амандығын сақтауға мүмкіндік береді.