Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Social Media.
Мемлекет басшысы стратегиялық бағыттарды айқындап, олардың іске асуы жүйелі жұмысты талап ететіндігін атап өтті.
«Біздің өңір үшін бұл Жолдау ерекше мәнге ие. Аймақ аграрлық ресурстарға, дамыған инфрақұрылымға және білікті кадрларға бай. Біздің міндетіміз – осы мүмкіндіктерді жаңа басымдықтар мен заман талабына сәйкес тиімді пайдалану», – деді өңір басшысы.
Басым бағыттардың бірі – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен енгізу. Қазіргі таңда өңірде ЖИ шешімдері агроөнеркәсіпте, денсаулық сақтау, білім беру, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларында қолданылуда. Алдағы уақытта жасанды интеллектті экология, қала құрылысы және қалалық инфрақұрылымды басқару салаларында қолдану ауқымы кеңейтілетін болады.
Президент жаңа инвестициялық циклді бастау туралы тапсырма берді, бұл өңірлік даму үшін маңызды серпін болмақ. Жолдау шеңберінде өңдеу өнеркәсібіне басымдық беретін инвестициялық жобаларды іске асыру күшейтілмек. Сонымен қатар, өңірлік инвестициялық карта жасалып, оның негізінде ЖИ перспективті салаларды анықтап, нақты инвестициялық сұранысты қалыптастыруға септігін тигізеді.
Жолдауда ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударылады. СҚО аграрлық инновациялардың көшбасшысы ретінде танылған. Цифрлы тауарлы-сүт фермаларын құрудағы тәжірибе ұлттық деңгейде кеңейтілетін пилоттық жобаға айналды. Алда жасанды интеллектіні жаппай енгізу арқылы ауыл шаруашылығының өнімділігі мен тұрақтылығын арттыру жалғастырылмақ.
Инфрақұрылымды дамыту – тұрақты өсу негізі болып табылады. Инженерлік желілерді жаңарту, әлеуметтік саланы дамыту, денсаулық сақтау мен білім беру объектілерін салу және жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қауіпсіздік, құқық тәртібі және қоғамдық келісім – мықты мемлекеттің берік негізі. Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
«Солтүстік Қазақстан облысы заман талабына сай жаңа міндеттер мен сын-қатерлерге толық дайын. Біз белгіленген басымдықтарды нақты іске асырып, еліміздің тұрақты және технологиялық дамуына елеулі үлес қосуға ниеттіміз», – деді облыс әкімі.