Бүгін Петропавл қаласының орталық алаңында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен қала күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Social Media.
«Петропавл – біздің туған шаңырағымыз. Бұл қала – терең тарихымен, ерекше сәулетімен, еңбекқор әрі шынайы халқымен қымбат. Мұнда біздің естеліктеріміз, жетістіктеріміз және болашаққа деген үмітіміз тоғысқан. Бүгінде қаламыздың күн сайын көркейіп, заманауи әрі жайлы мекенге айналып келе жатқанын үлкен мақтанышпен айтуға болады», – деді өңір басшысы өз құттықтауында.
Мерекелік шара аясында облыс пен қаланың дамуына зор үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді. «СҚО-ның Құрметті азаматы» атағы «Зенченко и К» КТ бас директоры Геннадий Зенченкоға, профессор Заркын Тайшыбайға және еңбек ардагері Виктор Лиге табысталды. «Петропавл қаласының Құрметті азаматы» атанғандар қатарында – еңбек ардагерлері Амангелді Кенжегүзинов пен Сара Тасеменова, профессор Андрей Солодовник бар. Олардың қажырлы еңбегі мен адалдығы өңірдің өркендеуіне зор үлес қосты.
СҚО әкімі қала өміріне белсене араласып жүрген құрылысшыларға, ұстаздар мен дәрігерлерге, кәсіпкерлерге, қоғамдық ұйым мүшелеріне, еріктілер мен жастарға шынайы алғыс білдірді.
«Сіздердің жанашырлықтарыңыз бен тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында Петропавл – өмір сүруге, дамуға және алға ұмтылуға лайықты шаһарға айналып келеді. Баршаңызға бірлік, береке және туған қаламыздың гүлденуі жолында жаңа табыстар тілеймін. Қала күні құтты болсын, қадірлі жерлестер!», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.