Ресейдің Уфа қаласында бейнебайланыс бойынша екі елдің басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Пленарлық отырыста СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сөз сөйлеп, аймақаралық ынтымақтастықтың маңызды тұстарын атап өтті, деп хабарлайды Social Media.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және облыс әкімдері Башқұртстан Республикасын басқару орталығы мен ұлттық білім орталығының жұмысымен танысты.
Форум алаңында Ғауез Нұрмұхамбетов Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценкомен кездесіп, ынтымақтастық мәселелерін талқылады. СҚО әкімдігі мен Омбы облысы үкіметі арасында меморандумға қол қойылды. Құжат сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени салалардағы халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бұл шекаралас өңірлер арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтып, ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
СҚО әкімі Уфа қаласындағы «Алға» арнайы экономикалық аймағындағы «Ultra Decor» зауытында болды. Бүгінгі таңда ағашты терең өңдеу зауыты жылына 1.6 млн.текше метр өнім өндіретін ОСБ және ДСП панельдерін өндіру бойынша Ресейдегі ең үлкен зауыт болып табылады. 200 гектар аумақты алып жатыр. Зауытта 300 адам жұмыс істейді. Австриялық компания біздің облыста бағдарланған тақталар шығаратын дәл осындай кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Өңір басшысы инвестормен перспективалық жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқылады.