Аймақта күннің күрт жылынуына байланысты қардың қарқынды еруі басталды. Су тасқыны кезеңінің басында Жұмысшы кентіндегі еріген қар сулары қауіп төндіреді. Бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов осы ауданда орналасқан жедел штабта болып,тұрғын үйлерді су басу қаупін төмендету бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндамаларды тыңдады, деп хабарлайды Social Media.
Сонымен қатар, өңір басшысы әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы қар шығаруға көмек сұраған Универсальная көшесіндегі жеке тұрғын үйге арнайы барып, үй иелерімен кездесті. Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл әкіміне таңға дейін үйдің айналасындағы қарды шығару туралы тапсырма берді. Ал тұрғындар өз ауласындағы қарды өздері тазалауы қажет. Бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында.
Жалпы, тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін қала әкімдігі мен ТЖ бөлімінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, өтініштерді қабылдайтын орталық диспетчерлік қызмет құрылды. Қазіргі уақытта қалалық қызметтер су сору жұмыстарын белсенді жүргізуде. Қосымша 50 жаңа мотопомпа сатып алынып, олардың жалпы саны 92 бірлікке жетті.
“Қала басшылығына және барлық коммуналдық қызметтерге тәулік бойы жұмыс режиміне көшуді тапсырдым. Тұрғын үйлерді су басудың алдын алу үшін су сору және қар шығаруды барынша жеделдету қажет”, – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.