2025 жылғы 28 шілдеде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешеннің 2025 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс қорытындылары бойынша кеңейтілген жиын өткізді, деп хабарлайды Social Media.
Іс-шараға облыс әкімдерінің орынбасарлары, министрлік өкілдері, өңірлік аграрлық және ветеринариялық бөлімдердің басшылары қатысты.
Министр өткен жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егін түсімінде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, барлық салалар ішінде физикалық көлем индексінің ең жоғары өсімін көрсеткенін атап өтті. Алайда бүгінде мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру бағдарламаларының кеңейтілуіне қарамастан, осы қарқынды сақтау аса маңызды міндет болып тұр. Ол үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы мен жекелеген жауапкершілік қажет.
Вице-министр Азат Сұлтанов ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында АӨК-тің жалпы өнім көлемі 1,8 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7% өсім көрсетті. Атап айтқанда, егін шаруашылығындағы өсім -14,5%, мал шаруашылығында -3,2%.
Мақсатты өсім қарқынына жете алмаған өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары аталды. Осыған байланысты әкімдіктерге өңірлік кәсіпорындармен жұмысты жандандыру, бос тұрған өндірістік қуаттарды іске қосу және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын бақылауда ұстау тапсырылды.
Жиында сөз сөйлеген вице-министр Ермек Кенжеханұлының мәліметінше, 25 шілдедегі жағдай бойынша 13,2 млн тонна шөп дайындалып, жоспардың 53,8%-ын құрады. Солтүстік Қазақстан облысы Қостанай және Ақмола облыстарымен қатар, мал азығын дайындау бойынша алдыңғы қатарда тұр.
Инвестициялық бөлімде АӨК-ке 2025 жылдың бірінші жартысында 616,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылғаны айтылды. Оның ішінде 442,7 млрд теңге егін және мал шаруашылығына, 104,2 млрд теңге тамақ өнеркәсібіне, 69,7 млрд теңге сусын өндірісіне бағытталған. Инвестицияны игеру бойынша алдыңғы орында тұрған өңірлер қатарында Шымкент, Алматы қалалары, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары аталды.
Кеңесте 2025–2027 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту жол картасын жедел жүзеге асыру қажеттігі айтылды. Жалпы құны 3,4 трлн теңге болатын 683 жоба іске асырылады, оның ішінде 50-ден астамы Түркістан, Алматы және Қостанай облыстарында пайдалануға берілген. Әрбір өңірге инвестиция тарту мен жылдық жоспардағы жобаларды уақытылы іске қосу тапсырылды.
Жиын барысында ерекше назар аударылған тақырып – Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы. Ол 2025 жылғы 1 тамыздан 20 қазанға дейін өтеді. Санақ екі кезеңде жүргізіледі: 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz порталы арқылы онлайн форматта, 20 қыркүйек -20 қазан аралығында онлайн қатыспағандармен бетпе-бет сауалнама түрінде. Бұған дейін, 1-30 маусым аралығында, 70 қалада жеке қосалқы шаруашылықтарды алғашқы тіркеу (листинг) жүргізілді.
Санақтың басты талабы -ауыл шаруашылығы өндірушілерінің 100% қамтылуы және өңірлерде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі. Заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, фермерлер және үй шаруашылықтары – барлығы да толық дерек беруі тиіс. Бұл саладағы жағдайды нақты бағалау үшін өте маңызды.
Өңірлерге берілген қосымша ұсыныстар қатарында: көкөніс сақтау қоймаларын салу мен жаңғыртудың кешенді жоспарын іске асыру, СҚО-ның кооперация тәжірибесін тарату, минералдық тыңайтқыштарды дер кезінде енгізу, элеваторларды жинау маусымына әзірлеу жұмыстары бар.
Министр Айдарбек Сапаров мал шаруашылығын қолдауға арналған жаңа жеңілдетілген несие бағдарламасын іске қосатынын хабарлады. Жалпы сомасы – 50 млрд теңге, жылдық мөлшерлемесі -5%. Сонымен қатар, бордақылау алаңдарына қойылатын талаптар жеңілдетілді. Бұл қолжетімділікті арттырады. Бұдан бөлек, асыл тұқымды мал сатып алуға арналған «Игілік» бағдарламасы іске қосылады.
Жиын соңында барлық өңірге іс-шаралар жоспарын қайта қарап, өзектендіру, қаржы игерілуіне бақылау орнату және аграрлық саясаттың басым бағыттары бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілерімен жұмысты күшейту тапсырылды.
Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығының маңызды өңірі ретінде мал азығын дайындауда көш бастап тұр, инвестициялық қолдау бағдарламаларына белсенді қатысуда және ұлттық ауыл шаруашылығы санағында уақытылы қатысуы -ерекше бақылауда.