Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласында заңнаманы өрескел бұзу фактілерін анықтады. Қадағалау іс-шаралары барысында өңірдегі 74 мектептің оқушылары психикалық және эмоционалдық әл-ауқатына қауіп төндіретін тыйым салынған интернет-ресурстарға еркін кіре алатыны белгілі болды, деп хабарлайды Social Media.
Облыс прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жүйелі және жоспарлы жұмыстарды жалғастырып келеді. Бұл бағыттағы басым міндеттердің бірі – білім беру мекемелерінде қауіпсіз ақпараттық ортаны қамтамасыз ету.
Жүргізілген талдау нәтижесінде прокурорлар білім беру саласындағы заңнаманың өрескел бұзылуын анықтады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 43-бабында көзделген оқушылардың интернет-ресурстарға қолжетімділігіне қатаң бақылау талаптарының орындалмауы тіркелді.
Анықталған деректер Қызылжар, Тимирязев, Уәлиханов, Ғ. Мүсірепов аудандарында және Петропавл қаласындағы 74 мектепке қатысты. Белгіленген нормаларға қарамастан, бұл білім беру мекемелерінде тыйым салынған контенті бар сайттарға еркін кіруге мүмкіндік болған. Ерекше алаңдаушылық туғызғаны – аталған ресурстардың ішінде балалардың психикасына ауыр зиян келтіретін, зорлық-зомбылыққа, суицидке және өзге де қауіпті әрекеттерге итермелейтін материалдардың болуы.
Прокуратура жағдайға жедел әрекет етті. Қадағалау органының қаулылары бойынша мектеп директорлары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабы 7-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін оларға айыппұл салынды.
Жауапкершілік шараларымен қатар, заң бұзушылықтарды жою бойынша нақты қадамдар жасалды. Аталған білім беру мекемелерінде қауіпті интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелді. Нәтижесінде 11 мыңнан астам оқушының ақпараттық қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Прокуратура балалардың құқықтарын қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін еске салады. Кәмелетке толмағандарға қатысты қауіп немесе заң бұзушылық фактілері анықталған жағдайда ата-аналар, педагогтар немесе балалардың өздері Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының сенім телефонына хабарласа алады: 8 (7152) 36-03-59.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура қызметкерлері білім беру саласын цифрландыруға бөлінген бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілерін тоқтатқан болатын. Осы шаралардың арқасында әрекетсіздік жағдайында қайтарылмай жоғалуы мүмкін 75 миллион теңгеден астам қаржы сақталды.