Бейсенбі, Шілде 31, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСҚО-да құтқарушылардың техникалық жарақтандырылуы күшейтілуде

СҚО-да құтқарушылардың техникалық жарақтандырылуы күшейтілуде

Солтүстік Қазақстан облысында азаматтық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында жүйелі және мақсатты жұмыстар жалғасуда. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға жедел ден қою – Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің негізгі міндеттерінің бірі. Осыған орай, олардың техникалық мүмкіндіктерін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде, деп хабарлайды Social Media.

Жуырда СҚО ТЖД бөлімшелері жаңа техникалық құралдармен толықты. Құтқарушылар 100 дана DMR Tier 3 сандық радиостанциясын алды. Бұл байланыс құралдары тұрақты әрі сенімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қатты шу жағдайында немесе қорғаныс маскасы мен шлем киілген кезде де тиімді жұмыс істеуге көмектесетін ларингофонды 100 гарнитура да жеткізілді.

Бұдан бөлек, құтқарушылардың техникасы жылу бейнелеу құрылғысымен жабдықталған 10 ұшқышсыз ұшу аппараттарымен толықты. Мұндай технологиялар іздестіру-құтқару операцияларын, әсіресе су тасқыны мен өрт жағдайында, тиімді жүргізуде аса маңызды рөл атқарады.

Техникалық жаңғырту жұмыстары СҚО ТЖД жедел басқару орталығына да қатысты. Мұнда заманауи бейнеқабырғалар мен интерактивті панель орнатылды. Бұл төтенше жағдайлар кезінде штаб жұмысының үйлесімділігі мен жеделдігін арттырады. Аталған жабдықтардың барлығы жергілікті бюджет есебінен сатып алынған. Жаңартылған құрал-жабдықтар құтқарушылардың жұмысын анағұрлым жылдам, нақты әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – төтенше жағдайларда әрбір минуттың маңызды екенін ескере отырып, тиімділікті арттырады.

Айта кетейік, бұған дейін СҚО-да құтқарушылар үшін тағы бір техникалық жаңалық таныстырылған болатын. С.М.Киров атындағы зауыт өңірлік ТЖД-ға өрт сөндіруге арналған инновациялық роботты әзірлеп, тегін табыстаған. Бұл құрылғы – жарылыс, құлау немесе жоғары температура қаупі бар жағдайларда, яғни адам өміріне қатер төнетін ортада жұмыс істеуге арналған.

Робот сағатына бір метрге дейін жылдамдықпен қозғалып, 70 градусқа дейінгі бұрышпен 65 метрге су шашуға қабілетті. Ол толықтай автономды режимде жұмыс істейді, қуатты аккумуляторлармен және алдыңғы және артқы видеокамералармен жабдықталған. Бұл түтін немесе шектеулі көрінетін аумақта құрылғыны дәл басқаруға мүмкіндік береді. Ведомствоның мәліметінше, робот тек су шашып қана қоймай, механикалық көбікті де қолдана алады. Бұл жанғыш және тез тұтанғыш сұйықтықтармен байланысты өрттерді сөндіру кезінде аса маңызды.

Қазіргі заманғы технологиялар құтқарушылардың сенімді көмекшісіне айналуда. Мұның бәрі бір ғана мақсатты көздейді – адам өмірін сақтау, залалды азайту және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер