Солтүстік Қазақстанға күздің салқын лебі келді. Қыркүйектің соңғы күндері аймақ тұрғындарын жауын-шашынды күндер, түнгі салқындар мен алғашқы үсіктер күтіп тұр. Синоптиктердің мәліметінше, алдағы апта бойы ауа райы құбылмалы болып, күздің мінезі айқын сезіледі, деп хабарлайды Social Media.
26-27 қыркүйек күндері бұлтты, жаңбырлы болады. Солтүстік-батыстан соққан жел біртіндеп солтүстік-шығысқа ауысады, күші 9-14 м/с. Түнде температура +6…+8 градус, күндіз +10…+12 градус жылы.
27 қыркүйекте кей жерлерде қатты жаңбыр жауады, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Облыстың оңтүстігі мен шығысында желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Түнгі температура +5…+10 градус, күндіз +9…+14 градус жылы болады.
28 қыркүйекте түнде жаңбыр жауады, солтүстік пен шығыста жауын қатты болады. Күндіз кей аумақтарда жаңбыр қарға ұласуы мүмкін. Таңертең тұман түседі. Түнде +3…+8 градус, күндіз +5…+10 градус шамасында.
29-30 қыркүйек күндері жауын-шашынсыз болады, бірақ түнде және таңертең тұман түседі. Түнде 1-6 градусқа дейін үсік күтіледі. Күндіз ауа температурасы +3…+8 градус жылы.
Қазанның алғашқы күндері қайтадан жауын-шашын күтіледі, жаңбырдың соңы қарға ұласуы ықтимал. Жел солтүстік-батыстан соғып, екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Түнгі уақытта 1-6 градус үсік байқалады, күндіз ауа температурасы +5…+10 градус шамасында болады.
Солтүстік Қазақстанда қыркүйектің соңы мен қазанның басы – әдеттегідей салқын әрі ылғалды. Алдағы күндері тұрғындарға жылы киініп, ауа райының қолайсыздығына дайын болғаны абзал.