Республика күні қарсаңында ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен «Nord Panels» ағашты терең өңдеу жаңа зауыты іске қосылды, деп хабарлайды Social Media.
Түрік инвесторы Оғузхан Челиктің жобасын жүзеге асыру мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды. Келешегі зор жобаға 8 млрд.тг теңге инвестиция тартылды, 300 адам жұмыспен қамтылады. Жоғары технологиялық заманауи қондырғылар орнатылды. Жаңа кәсіпорын толық қуаттылығына шыққанда жылына 50 мың текше метр ламинатталған фанера шығарады. Елімізде аталған өнімнің импорты 13 пайызға азаяды.
Осылайша, «Qyzyljar» АЭА аумағында ағаш өңдеу кластері құрылуда. Сонымен қатар, жанармай түйіршіктерін шығаратын желі іске қосылуда. Сондай-ақ ДСП, химиялық құрамдас бөліктер мен жиһаз өндірісін жолға қою жоспарлануда. 2027 жылға дейін кластерге барлығы 25 млрд теңге инвестиция салынады.
Сондай-ақ сапар барысында Премьер-Министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев жылыжайды, қағаз өнімдері фабрикасын, сүт зауытын аралады, сондай-ақ ЖЭО-2, жылу желілері кәсіпорнының жұмысымен танысып, жол өткелінің құрылысын бақылады.