Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Айыртау ауданына барды, деп хабарлайды Social Media.
Облыс әкімінің жұмыс сапарының негізгі мақсаты – ауылдық инфрақұрылымды дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және аграрлық секторды қолдауға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобалардың жүзеге асу барысын кешенді бағалау болды.
Сапар аясында облыс әкімі Бирлестик ауылында болып, күрделі жөндеуден өткен мәдени-сауықтыру орталығының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда орталық ауыл тұрғындарының бас қосатын ордасына айналып, спорттық іс-шаралар мен мәдени бағдарламалар өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Бұл нысан жергілікті халықтың әлеуметтік белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі үлес қосуда.
Сондай-ақ, өңір басшысы ауылдағы ауызсу мәселесіне де ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта елді мекенде жаңа су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Аталған инфрақұрылымдық жоба мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда және ауыл халқын сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Су құбыры іске қосылғаннан кейін жүздеген тұрғын таза ауызсуға қол жеткізіп, тұрмыс сапасы мен санитарлық жағдай едәуір жақсаратыны күтілуде.
Бұдан бөлек, облыс әкімі «Lavrovskoe GCK» ЖШС-не барып, шабындықтағы жұмыс барысымен танысты. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен өткен кездесуде аграрлық саланы дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары, алдағы күзгі маусымға дайындық мәселелері талқыланды. Әсіресе ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету, мал азығын дайындау, өнімділікті арттыру және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытындағы сұрақтарға баса мән берілді.
Мұндай жұмыс сапарлары – ауылдық аумақтарды дамыту стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Олар аймақ басшылығына жобалардың орындалу деңгейін тікелей жергілікті жерде бағалауға, өзекті мәселелерді анықтап, жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.