Солтүстік Қазақстан облысында алдағы жылыту маусымына дайындық қорытындыланды. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму, экология және аграрлық сектор жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында Петропавлдағы №2 жылу электр орталығы қыста жұмыс істеуге толық дайын екені және ресми түрде дайындық актісін алғаны айтылды. Энергетиктердің айтуынша, тек жоспарлы жөндеу ғана емес, соңғы жылдардағы ең ірі жаңғырту жобалары да жүзеге асырылған, деп хабарлайды Social Media.
Бұған дейін №2 ЖЭО-ның техникалық жағдайы елеулі алаңдаушылық туғызған еді. Жабдықтар ондаған жыл пайдаланылып, қазандықтар мен турбоагрегаттардың қызмет ету мерзімі 50 жылға жақындаған. Генерациялық жабдықтардың тозу деңгейі 50–60%-дан асқан. Ал 2022 жылы мұржаның құлауы станциядағы инфрақұрылымның ескіруі мен қаржыландырудың жеткіліксіздігін көрсетіп, қыс мезгілінде сенімді жұмысқа қатер төндірген болатын.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас инженері Пётр Богдановтың айтуынша, жөндеу жұмыстарына 26,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазандықтар мен турбиналарға күрделі жөндеу жүргізіліп, мұржалар тексерілген, ал жаңа темірбетон мұржа салу жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде станция қоймасында 169 мың тонна көмір қоры бар, бұл – алдағы қысты іркіліссіз өткізуге жеткілікті.
«Станция 100% дайын. Ең бастысы – біз алға жылжып келеміз. Шығарындыларды бақылау жүйесін орнатып, жабдықтарды жаңартып, турбиналарды қайта құрудамыз. Бұл станцияның сенімділігін арттырып, қала экологиясына оң әсер етеді», – деді Пётр Богданов.
Отырыс барысында иесіз жануарлар мәселесі де қаралды. Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Наталья Тараканованың айтуынша, Петропавл тұрғындары бірнеше жылдан бері жануарларға арналған арнайы паналау орталығының салынуын күтіп жүр.
«500 ит пен 30 мысыққа арналған орталықтың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Алайда әзірге қаржы бөлінген жоқ. Биылдың өзінде 300 жануарға вакцина егіп, стерилизация жасау жоспарланған. Оның 272-сіне бұл шаралар жүргізілді. Бұл жұмыс иесіз жануарлар санын азайтып, жұқпалы аурулардың таралу қаупін төмендетуге көмектеседі», – деді ол.