Солтүстікқазақстандықтар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі тапсырмаларды талқылауды жалғастыруда. Олардың бірқатары стратегиялық маңызы бар көлік-логистика саласын дамытуға қатысты. Бұл бастаманы СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Абильмажинов қолдады, деп хабарлайды Social Media.
Президент Жолдауында көлік-логистика саласын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қол жеткізілген нәтижелерге тоқмейілсуге болмайды. Мемлекет басшысы Үкіметке және әкімдіктерге автотасымалдаушыларға шекарада қызмет көрсету сапасын арттыруды, ел аумағы бойынша кедергісіз тасымалды қамтамасыз етуді және транзиттік жүк тасымалдары үшін «жасыл дәліз» қағидатын енгізуді тапсырды.
«Өңірлік көлік байланыстығын нақты қарастыру керек. Бұл жайында қазір халықаралық форумдарда да жиі айтылады. Қазақстан үшін транзиттік аумағы үлкен ел ретінде бұл бағыттың маңызы зор. Тағы да еске салғым келеді: инфрақұрылымды жаңғырту және көлік-транзиттік саладағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет», – деді Президент.
Мирхат Абильмажиновтың айтуынша, өңірде республикалық маңызы бар жолдар мен халықаралық көлік дәліздерін қайта жаңғыртуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Ресей Федерациясымен шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл жүк айналымын арттыруға мүмкіндік береді.
«Жолдауға сәйкес бізде бірқатар жобалар іске асуда. Бұл – республикалық жолдарды, яғни халықаралық дәліздерді жөндеу. «Петропавл – Жезқазған», «Петропавл – Қорған», «Петропавл – Омбы» бағыттары бойынша түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілуде: күрделі, орташа, реконструкция. Бұл болашақта автокөліктің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, биыл бізде төрт өткізу пунктін жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», – деді ол.
Сонымен қатар, өңірде әуе тасымалдаушылар үшін жағдайды жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде – инфрақұрылым жетілдірілуде, қызмет көрсету сапасы артуда және жаңа бағыттарды дамытуға күш салынуда.
«Біз халықаралық туристік бағыт – «Петропавл – Шарм-эль-Шейх» әуе рейсін іске қостық. Алдағы уақытта Түркия мен басқа да елдерге рейстер ашуды жоспарлап отырмыз. Жолдауды толық қолдаймын. Тапсырмалардың орындалуы елге де, біздің облысқа да жаңа серпін береді», – деді Мирхат Абильмажинов.
Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысы Жолдауда белгіленген стратегиялық міндеттерді іске асыруға белсенді кірісіп, көлік жүйесін жаңғыртуға және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге дайын.