Көктем мен жаз мезгілінің басталуымен елімізде балалардың терезеден құлау деректері жиілейді. Солтүстік Қазақстан облысы да бұл тұрғыда ерекше алаңдаушылық тудырады – жыл сайын қайғылы оқиғалар қайталануда, деп хабарлайды Social Media.
СҚО ТЖД имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының аға инженері Дина Жапарованың айтуынша, өткен жылы республика бойынша осындай шамамен 200 оқиға тіркелген. Оның 25-і бала өлімімен аяқталған. Ал биылғы жылдың жартысы да толмай жатып, Қазақстан бойынша 60 жағдай тіркеліп үлгерді. Оның ішінде 5 бала көз жұмса, 55-і әртүрлі дәрежедегі, көбінесе ауыр жарақаттар алған.
— «Петропавлда орын алған барлық жағдайлар көпқабатты тұрғын үйлерде – екінші, үшінші және бесінші қабаттарда болған. Зардап шеккен балалардың жасы – 3 пен 13 жас аралығы. Өткен жылы өңірде адам өлімі тіркелмегенімен, барлық бала ауыр жарақат алған», — деді Дина Жапарова.
Сонымен қатар, биылғы сәуір айында ауылдық жерлердің бірінде үш жасар бала жеке үйдің бірінші қабатындағы терезеден құлап, ауыр жағдайда ауруханаға түскені хабарланды.
Маманның айтуынша, мұндай қайғылы оқиғалар көбіне балаларға дұрыс қарамау салдарынан болады. «Кейде ата-аналар немесе туыстары бірнеше минутқа ғана сыртқа шығып кетеді, сол аралықта бала терезе алдына шығып, маскит торына сүйенеді. Торлар баланың салмағын көтере алмай, қайғылы жағдай орын алады», – дейді ол.
Әсіресе 3-тен 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер үшін бұл аса қауіпті. Олар биіктіктен қорқу дегеннің не екенін әлі білмейді. Терезе ашық тұрған жағдайда, терезе алдына көтерілу үшін жиһаз немесе тұрмыстық заттар пайдаланылып кетеді.
ТЖД мамандары ата-аналарға келесі қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін ескертеді:
• терезе маңындағы жиһаздарды, балалар шығатын заттарды алыстату;
• балаларды қараусыз қалдырмау;
• терезеге арнайы құлыптау тетіктерін орнату.
— «Мұндай құрылғылардың құны балалардың өмірімен салыстырғанда түк емес. Бұл – бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең қарапайым, бірақ тиімді жолы», — деп атап өтті Дина Жапарова.
Бүгінде мамандар бұл мәселеге қоғам назарын аудару үшін балабақшаларда, мектептерде және ата-аналар жиналыстарында түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді.