Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы ҚР ҰКП «Атамекен» жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған «Кәсіби маман» республикалық байқауының облыстық кезеңінің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Social Media.
Байқаудың басты мақсаты – білікті кадрларды даярлауға елеулі үлес қосып жүрген үздік кәсіпорындар мен колледждерді, сондай-ақ өндірістік шеберлерді анықтау және ынталандыру. Маусым айында өткен облыстық кезеңге өңірдің кәсіпорындары мен оқу орындарынан 10 өтінім келіп түсті. Қорытындысында үш негізгі номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, марапаттау рәсімі СҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі отырысы аясында өтті.
«Кадрлар даярлау процесіне белсенді қатысатын үздік кәсіпорын» номинациясында жеңіс «Радуга» ЖШС-не бұйырды. Бұл – өндірістік базасы мықты, өз колледжі бар заманауи кәсіпорын. Компания еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудағы инновациялық тәсілдерімен ерекшеленіп, үздік деп танылды.
«Жұмысшы кадрларды даярлайтын үздік колледж» аталымында жеңімпаз болып Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжі танылды. Бұл – өңірдегі ең көне оқу орындарының бірі.
Марапатты табыстау барысында СҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Сергей Домаев:
«Колледж дуальды оқытудың Жол картасын белсенді жүзеге асырып келеді. Оқу орнының оқытушылары бірнеше мәрте «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары атанған және WorldSkills халықаралық сарапшылары болып табылады. Колледж студенттері де жоғары нәтижелер көрсетіп, WorldSkills ұлттық және халықаралық чемпионаттарының жүлдегерлері атануда», – деп атап өтті.
«Өндірістегі үздік тәлімгер» номинациясында С.М.Киров атындағы зауыттың слесарі Асылтас Кабошева жеңімпаз атанды. Асылтас Назарқызы – 35 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман, сонымен қатар СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Тәлімгерлік мектебінің сертификатталған тәлімгері. Оның шәкірттері зауытта тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұмысқа орналасып келеді.
Облыстық кезеңнің жеңімпаздары биылғы күзде Астанада өтетін «Кәсіби маман» республикалық байқауының екінші кезеңінде Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайды. Дәл сол кезеңде байқаудың Гран-при иегері анықталады.
СҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Сергей Домаев финалистерді құттықтап, республикалық деңгейде сәттілік тіледі.