Сәрсенбі, Шілде 2, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСҚО-да жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында «ақылды» камералар саны көбейді

СҚО-да жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында «ақылды» камералар саны көбейді

Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы қауіпсіздікті арттыру бағытында заманауи технологияларды қолдану арқылы ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Social Media.

Өңір жолдарында апаттылықты төмендету және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында қосымша фото және бейнебақылау жүйелері орнатылуда.

Петропавл жүргізушілері үшін мұндай технологиялар таңсық емес. «Ақылды» камералармен жабдықталған жол торабында ауыр зардаптарға әкелген бірде-бір жол апаты тіркелмеген. Азаматтардың көптеген өтініштерін және қолда бар оң тәжірибені ескере отырып, полиция қызметкерлері камераларды тек қала аумағында ғана емес, сонымен қатар қала маңындағы және республикалық маңызы бар жолдарда да орнату туралы шешім қабылдады.

СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде жол ережесін бұзуды тіркейтін 67 автоматтандырылған кешен жұмыс істеп тұр. Олар жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын аумақтарға орналастырылған және жылдамдықты арттыру, жол белгілерін елемеу, қызыл жарыққа өтіп кету сынды бұзушылықтарды тіркейді.

Жуырда көлік қозғалысы қарқынды жүретін Қызылжар ауданында тағы бес жаңа камера іске қосылды. Бұл кешендер «Жезқазған – Петропавл» және «Астана – Петропавл» бағытындағы Бескөл және Бәйтерек ауылдары маңына, сондай-ақ «Челябі – Новосібір» трассасындағы Белое ауылының тұсына орнатылды.

Бұған қоса, әкімшілік полиция басқармасының қызметкері Дулат Исмағамбетовтің айтуынша, патрульдік көліктерде автоматты режимде жұмыс істейтін мобильді кешендер де қолданылады. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы жолдары дирекциясы филиалына қарайтын трассаларда жылдамдықты тіркейтін арнайы камералар орнатылған. Бұл – жолдың ұзақ әрі ашық бөліктерінде де бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл шаралардың барлығының басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жолдағы қайғылы оқиғалардың алдын алу. Биылғы жылдың басынан бері СҚО-да шамамен 200 жол апаты тіркеліп, салдарынан 7 адам қаза тауып, 256 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерге тағы бір мәрте жол ережелерін қатаң сақтауға, жеке және қоғамдық жауапкершілікті ұмытпауға шақырады. Себебі әрбір орнатылған камера – жай ғана бақылау құралы емес, адам өмірін сақтауға бағытталған кешенді жүйенің бір бөлігі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер