Бішкекте 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер (U-15) арасында грек-рим күресінен Азия чемпионаты өтті. Осы айтулы жарыста Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Темірлан Серік күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Social Media.
Жас балуан үш белдесу өткізді. Алғашқы кезеңде ол Оңтүстік Корея өкілін айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда Қырғызстан балуанымен кездесіп, тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Финалдық белдесуде тәжірибелі тәжікстандық қарсыласымен кездесіп, тартысты әрі шиеленісті жекпе-жекте аз ғана ұпай айырмасымен екінші орынға ие болды.
Темірлан грек-рим күресіне бірінші сыныптан бастап ден қойған. Осы жылдар ішінде ол талмай еңбектеніп, халықаралық деңгейдегі жарыстарға жолдама алған, енді міне, Азия чемпионатының жүлдегері атанып отыр. Бұл жетістік – оның табандылығы мен жүйелі жаттығуларының нәтижесі.
Жаттықтырушыларының айтуынша, Темірлан жас болса да күресте мықты техника мен жігерлі мінез танытып келеді. Алда халықаралық деңгейдегі тағы да бірнеше маңызды жарыс күтіп тұр. Команда оның әлеуеті жоғары екенін айтып, болашақта Қазақстан намысын лайықты қорғайтынына сенімді.
Темірлан Серік – табандылық пен мақсатқа жетудің жарқын үлгісі. Азия чемпионатының U-15 санатындағы жетістігі – ел мақтанышы әрі жас спортшыларға үлкен шабыт.