Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкері интернет-алаяқтардың құрбаны болуға шақ қалған азаматты дер кезінде тоқтатып, алаяқтық әрекеттің алдын алды, деп хабарлайды Social Media.
Петропавл қаласындағы ірі сауда үйлерінде банк терминалдары көптеп орналасқан. Мұндай орындарда кезекшілік атқаратын тәртіп сақшыларының басты міндеттерінің бірі — азаматтарды алаяқтардың арбауына түсу қатерінен қорғау.
Жуырда облыстық ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері кезекшілік кезінде терминал алдында ұялы телефонмен сөйлесіп, үрейленіп тұрған егде жастағы ер адамды байқап қалды. Полиция қызметкері дереу оған жақындап, өзін таныстырып, жағдайға араласты.
63 жастағы қала тұрғынына белгісіз біреулер хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырғанын айтты. Олар ер адамның атына несие рәсімделіп жатқанын, оны болдырмау үшін бар қаржысын «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екенін жеткізген.
Полиция офицері дереу “102” нөміріне хабар беріп, зейнеткерге мобильді қосымша арқылы шоттарын тексеруді ұсынды. Нәтижесінде ер адамның атына ешқандай несие рәсімделмегені анықталды. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы егде жастағы азаматпен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осылайша интернет-алаяқтықтың жолы кесілді.
Полицейлер тағы да ескертеді: банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардан ешқашан қаржылық операциялар жасауды талап етпейді. Егер есепшотыңыздың қауіпсіздігіне күмәндансаңыз, банкке тек ресми арналары арқылы хабарласыңыз.