СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көктемгі су тасқынына дайындықтың кешенді тексерісін жүргізу, қауіп-қатерлерді жан-жақты талдау және қажетті шараларды қабылдау мақсатында Тайынша ауданында кеңес өткізді. Жиында жауапты органдардың басшыларының, сондай-ақ Тайынша, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды, деп хабарлайды Social Media.
«Кеңестің Тайыншада өтуі кездейсоқ емес – өткен жылы аудан еріген қар суының зардабын тартты. Осындай жағдайдың қайталануын болдырмау үшін 11 ауыл мен Тайынша қаласында жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын топырақ бөгеттері нығайтылды», – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Былтыр ауданда су жол төсемінен асып, жолдарды ашуға тура келген жағдайлар тіркелді. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін 61 су өткізгіш құбыр орнатылды. Аудан орталығында қосымша 24 құбыр төселіп, 7 шақырым су бұру арналары салынды.
Су тасқыны қаупі Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандарында да сақталып отыр. Осыған байланысты аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына мұқият дайындалып, қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындау тапсырылды.
Сапар аясында облыс әкімі Келлеровка ауылындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Енді ауыл тұрғындары жыл бойы спортпен шұғылдана алады.
Сонымен қатар, өңір басшысы 500 адам жұмыс істейтін Biooperations зауытына да барды. Кәсіпорын глютен мен крахмалды Үндістан, АҚШ, Колумбия, Норвегия және ЕО елдеріне экспорттайды. Өткен жылы зауытта кебекті түйіршіктеу бойынша жаңа цех іске қосылды.