Сәрсенбі, Сәуір 16, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСалауатты ұрпақ – мықты ұлттың кепілі

Салауатты ұрпақ – мықты ұлттың кепілі

Жас ұрпақтың дене тәрбиесі – денсаулық сақтау және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Балалар мен бұқаралық спорттың дамуы азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етіп, ұлт денсаулығын нығайтып, болашақ чемпиондардың әлеуетін қалыптастырады, деп хабарлайды Social Media.

«Салауатты ұрпақ – қуатты мемлекеттің негізі. Бүгінде біз тек болашақ чемпиондарды емес, әр баланың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін жағдай жасауымыз керек», – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының уақытша басшысы Әділхан Сағындықов.

2024 жылы елімізде спорттық инфрақұрылымның дамуы жалғасты: 74 жаңа спорт нысаны салынды. Сонымен қатар, балалар үшін спорттың қолжетімділігі артып келеді — 240 мыңнан астам бала республика бойынша 7,5 мың спорт секциясына тегін қатысты. 2025 жылы бұл көрсеткіш 300 мыңнан аса балаға дейін өсіп, 10 мың секцияға қатысуы жоспарлануда.

Солтүстік Қазақстан облысында да бұқаралық спорт тұрақты түрде дамып келеді. 2024 жылы өңірде 36 жаңа спорт нысаны салынып, пайдалануға берілді: дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жабық хоккей корттары, шағын футбол алаңдары және басқа да спорт алаңдары. Нәтижесінде спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 53,8%-дан 57,3%-ға дейін өсті.

«Балалар спортына ерекше назар аударамыз. Қазір өңірде 28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 14 мыңнан астам бала тегін шұғылдануда. Бұл – жай ғана статистика емес, бұл – әрбір балаға берілген мүмкіндік», – деді Әділхан Сағындықов.

2024 жылы спортпен айналысатын балалар санының артуына байланысты 14 спорт түрі бойынша қосымша бөлімшелер ашылды. Өңірде 648 жаттықтырушы жұмыс істейді, олар үшін үнемі біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. 2025 жылдың ақпанында Петропавл қаласында елордалық сарапшылардың қатысуымен 120-дан астам маманға арналған тегін курстар өтті.

2024 жылы облыстық БЖСМ тәрбиеленушілері халықаралық және республикалық жарыстарда 414 медаль, ал облыстық чемпионаттарда мыңға жуық медаль жеңіп алды. Жаңа есімдердің қатарында Кристина мен Инесса Шумековалар, Анна Стратан, Михаил Подлужный, Диас Омаров сынды жас чемпиондар бар. Олардың барлығы спорт жолын БЖСМ секцияларынан бастаған.

Баланы спорт мектебіне немесе секцияға жазу үшін тікелей БЖСМ-ге барып, бағытты таңдап, қажетті құжаттарды ұсыну қажет. Сондай-ақ, 2021 жылдан бері artsport.edu.kz порталы арқылы өтінім беруге болатын мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы іске асырылуда.

«Біз спортты уақытша емес, тұрақты жүйе ретінде қалыптастырып жатырмыз. Бүгінгі балалардың денсаулығына жасалған қамқорлық – ертеңгі мықты, табысты ұлттың кепілі», – деп қорытындылады Әділхан Сағындықов.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер