Бейсенбі, Қазан 30, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСауатты визуалды ақпарат – СҚО тұрғындарының ортақ ісі

Сауатты визуалды ақпарат – СҚО тұрғындарының ортақ ісі

2025 жылдың жазынан бастап Солтүстік Қазақстан облысында «Сауатты визуалды ақпарат – біздің ортақ ісіміз» атты акция жүзеге асырылды, деп хабарлайды Social Media.

Солтүстік Қазақстан облысында «Сауатты визуалды ақпарат – біздің ортақ ісіміз» акциясы өз мәресіне жетті. Ол 2025 жылдың маусым айынан қазан айына дейін өткізіліп, Петропавл қаласын, сондай-ақ Есіл, Қызылжар, Мамлют және Жамбыл аудандарын қамтыды. Инициативаның басты мақсаты – кәсіпкерлер мен облыс тұрғындарының назарын мемлекеттік тілде визуалды ақпаратты дұрыс рәсімдеудің маңыздылығына және көрнекі ақпаратта тілдік нормаларды сақтауға аудару болды.

Акция барысында бизнес өкілдерімен, мекемелермен және қоғамдық ұйымдармен түсіндіру және кеңес беру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар қатарында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мамандары, журналистер, блогерлер және еріктілер болды. Олар маңдайшалар мен ақпараттық стендтерді, жарнамалық материалдарды дұрыс рәсімдеу ережелерін түсіндіріп, «Тілдер туралы» заңды сақтаудың маңызын атап өтті.

Тексеру нәтижесінде мамандар шамамен 200 нысанды қарап шықты. Соның ішінде 40 нысанда қателіктер анықталған – маңдайшалар мен жазбалардың рәсімделуінде сәйкессіздік, толық жазылмаған мәтіндер және орфографиялық нормадан ауытқулар болған.

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Еркеш Ерденова мұндай бұзушылықтардың әлі де жиі кездесетінін, алайда басты мақсат – тек кемшіліктерді анықтау емес, кәсіпкерлерге оларды түзетуге көмектесу екенін атап өтті:

«Акция барысында мынадай кемшіліктер анықталды: маңдайшалар мен стендтердегі, қабырға жазуларындағы мәтіндердің заңнама талаптарына сай келмеуі, мәтіндердің толық жазылмауы, реквизиттер мен визуалды ақпараттың орфографиялық, әдеби тіл нормаларына сәйкес болмауы», – деді Еркеш Ерденова.

Акция аясында сыртқы жарнама саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен де тығыз байланыс орнатылды. Қаладағы жарнама және маңдайша өндіретін компаниялардың бірінің директор орынбасары Эдуард Адам тіл туралы заң талаптарын сақтау олардың жұмысындағы маңызды бөлік екенін айтты:

«Біз әрдайым Қазақстан Республикасының Тілдер туралы заңына сүйенеміз. Кейде кейбір тапсырыс берушілер мәтінді екі тілде жазудан бас тартады, ондай жағдайда біз жұмыстан бас тартамыз. Бұл өте сирек кездеседі. Ал негізінен біз ономастика бөлімімен бірлесіп жұмыс істейміз — олар бізге аудармаларды тез жасап береді және қазақ тіліндегі қателерді тексеріп отырады», – деді Эдуард Адам.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тіл туралы заң талаптарын бұзғандарға 39 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Алайда акцияның негізгі мақсаты – жазалау емес, мемлекеттік тілге деген жауапкершілікті қалыптастыру және сауатты визуалды ортаны дамыту болып табылады.

Қазан айында Сабит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада акцияның қорытындысы бойынша дөңгелек үстел өтті. Онда қатысушылар атқарылған жұмыстың нәтижелерін талқылап, осындай бастамаларды алдағы уақытта да жалғастыруды ұсынды.

«Сауатты визуалды ақпарат – біздің ортақ ісіміз» акциясы тілге деген жауапкершілік пен құрмет қоғамдық кеңістіктегі сауаттылықтың ғана емес, ел мәдениетіне және заңына деген сыйластықтың, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды көрсеткіші екенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер