Үкімет отырысында орақ науқанының қорытындылары талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, ағымдағы жыл тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақ және майлы дақылдар сияқты жоғары табысты әрі сұранысқа ие өнімдер бойынша да рекордтық жыл болды. Жақсы нәтижелерге Солтүстік Қазақстан облысы да қол жеткізді. Бұл туралы өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов хабарлады, деп жазады Social Media.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Үкімет отырысында дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарын жинау науқанының аяқталғанын айтты. Биыл 6,5 миллион тонна астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 21,4 центнерді құрады – бұл елдегі барлық астық өндіруші өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі уақытта СҚО-да майлы дақылдарды жинау аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда 966,1 мың гектар жер орылды. Алғаш рет майлы дақылдардың рекордтық өнімі – 1,2 миллион тоннадан астам өнім жиналды, орташа өнімділік гектарына 12 центнерді құрады.
«Қол жеткізілген жетістіктер Үкіметтің қолдауының нәтижесі. Агротехникалық шаралардың толық кешенін уақытылы және жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында облыс аграрийлері рекордтық қаражат көлемін – 161 миллиард теңгені алды», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Оның айтуынша, қабылданған шаралар аграрийлерге көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде өткізіп, мол өнім алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, өнімділікті арттыру мақсатында өңірде 340 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды – бұл ел бойынша ең жоғары көрсеткіш. 52,5 мың тонна элиталық тұқым себіліп, сорт жаңарту үлесі 11,2% болды.
Өңірде жалпы сыйымдылығы 7 миллион тонна болатын астық қоймалары жұмыс істейді, олардың 54%-ы бүгінгі таңда толтырылған. Жаңа өнімнің 2 миллион тоннасы қабылданып, орналастырылды. Астық қабылдау жалғасуда.
Айта кетейік, Үкімет отырысында биыл Қазақстан тарихында алғаш рет ел бойынша бұршақ дақылдарының өнімі 1 миллион тоннаға жеткені атап өтілді. Майлы дақылдарды жинау әлі де жалғасуда, алайда майлы дақылдардың рекордтық өнімі – 4,3 миллион тонна жиналды. Сонымен қатар, елде 2,9 миллион тонна картоп, 3,8 миллион тонна көкөніс және 2,6 миллион тонна бақша дақылдары жиналды. Бұл аграрлық маусымның жоғары өнімді болғанын көрсетеді.

