Солтүстік Қазақстан облысында су жеткізу саласындағы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру үшін прокуратура органдары қайтарған қаражат пайдаланылды. Осы активтердің арқасында өңір Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау бағытында сенімді түрде ілгерілеп келеді, деп хабарлайды Social Media.
Прокуратураның мәлімдеуінше, Булаев топтық су құбырының реконструкциясы мен Ақжар және Тайынша аудандарының елді мекендеріне су құбырлары желілерінің құрылысы аяқталды. Салынған құбыр желілерінің жалпы ұзындығы 290 километрден асты.
«Көкшетау топтық су құбырына тартылатын су желісінің құрылысы аяқталу сатысында. Бұл Шал ақын және Айыртау аудандарындағы 24 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобалардың жүзеге асырылуы қадағалау органының бақылауында. Облыс прокуратурасы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысын бақылауды жалғастыруда», – деп хабарлады ведомство.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 22 мыңнан астам ауыл тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізеді. Бұл олардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартып, күнделікті тұрмысқа қолайлы жағдай жасайды.

