Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдары нашақорлықтың алдын алу бойынша жаңа форматтағы профилактикалық жұмысты енгізді. Ата-аналар комитеттері төрағаларымен өткен кездесуде мәселенің маңыздылығын тереңірек түсіндіру үшін нашақорлардың шынайы мойындаулары көрсетілген бейнероликтер ұсынылды. Бұл туралы Полиция департаменті хабарлады, деп жазады Social Media.

Қазіргі уақытта есірткі таратушы желілер жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тартуға жиі тырысады. Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері үш кәмелетке толмаған жасөспірім есірткіге қатысты құқықбұзушылықтары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, ал тағы бес солтүстікқазақстандық жасөспірім наркологиялық мекемелерде есепте тұр. Аталған мәселені қайта көтеру мақсатында облыстық Полиция департаменті жанындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңеспен бірлесіп профилактикалық кездесу өткізілді.

«Қоғаммен кең ауқымды өзара іс-қимыл, ашықтық және қолжетімділік – “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасын іске асыру аясындағы қазіргі қазақстандық полицияның негізгі басымдықтарының бірі. Кездесуге психолог мамандар қатысып, есірткі қолданудың зиянды салдары туралы түсіндірді. Бұл ақпарат нашақорлардың өз тәжірибесі туралы өте ауыр бейнематериалдарымен толықтырылды – ата-аналардың мәселенің қаншалықты күрделі екенін сезінуі үшін бұл қажет болды», – деп атап өтті ведомство.
Құқық қорғау қызметкерлері ата-аналарды жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудың ықтимал әдістері, вербовка белгілері, психотроптық заттардың қауіптілігі мен оның салдары туралы алынған ақпаратпен бөлісуге шақырды. Сондай-ақ олар балалардың мінез-құлқындағы кенет өзгерістерді назардан тыс қалдырмаудың, кез келген күмәнді белгіні дер кезінде байқап, мамандарға жүгінуден тартынбаудың маңыздылығын еске салды.

