Солтүстік Қазақстан облысының Кызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында бейбіт тіршілік пен қоғамдық тәртіптің тұрақтылығы – бір адамның тынымсыз еңбегімен тікелей байланысты. Бұл адам – полиция капитаны Бахтияр Садуов, ауылдағы учаскелік инспектор. Қарапайым форманың ар жағында – жоғары жауапкершілік, елге деген жанашырлық, бейбітшілікке шынайы қызмет етуге деген ішкі қажеттілік жатыр, деп хабарлайды Social Media.
Оның жұмыс күні таң ата басталады. Телефоны әрдайым қосулы – тіпті демалыс күндері мен түнгі уақытта да. Себебі, ол үшін «жұмыс уақыты» деген ұғым шартты. Кез келген сәтте ауыл тұрғынынан көмек сұраған қоңырау түсуі мүмкін. Бұл қоңырауға жауап беру – оның міндеті ғана емес, ішкі борышы. Өйткені әр мәселенің артында адам тағдыры тұр.
Жаңадан қызметке кіріссе де, Бахтияр Садуов Бескөл ауылының тұрғындарына тез таныла бастады. Ол үй-үйді аралайды, аулаларға кіреді, зейнеткерлермен амандасып, балалармен тіл табысады, визит карточкаларын таратады. Оның басты қағидасы – алдымен халықты танып-білу, кейін барып халықтың сеніміне ие болу. Ал сенім – тәртіп сақшысының басты капиталы.
Садуовтың учаскесінде шамамен 4700 адам тұрады. Олардың 67-сі – жалғызбасты қариялар. Бұл сандық мәлімет қана емес. Бұл – 67 тағдыр, 67 үй, 67 түрлі жағдай. Әрқайсысына уақыт бөліп, жағдайын сұрап, керек кезде көмек көрсету – оның жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл тек полиция қызметі емес, бұл – қоғам алдындағы адами жауапкершілік.
Ауыл өмірінің тыныштығы бір қарағанда көзге көрінбеуі мүмкін. Алайда учаскелік инспектор болмаса, ұсақ түйіннен үлкен түйткіл туындайтынын аңғарамыз. Түнгі уақытта тыныштықты бұзу, иесіз жүрген үй жануарлары, көрші арасындағы кикілжіңдер, көшелердің жарығы немесе тазалығы, баланың қауіпсіздігі – бұл мәселелердің барлығы учаскелік инспектордың күнделікті бақылауында. Оларды шешу үшін көбіне айқайлау да, жазалау да қажет емес. Кейде бір жылы сөз, бір сауатты түсіндіру жетіп жатады.
Бахтияр Садуов ауыл тұрғындарын түрлі интернет-алаяқтардан қорғау бағытында да белсенді жұмыс істейді. Бүгінде ауылдықтар да онлайн сауда жасайды, әлеуметтік желіні пайдаланады, банк қосымшаларымен жұмыс істейді. Осы орайда түрлі жалған банк қызметкерлерінен келген қоңыраулар, сілтемелер, алаяқтық әрекеттер жиілеген. Мұндай қауіп-қатерге тосқауыл қою үшін Бахтияр түсіндіру парақшаларын таратып, ауыл тұрғындарымен жиындар өткізеді, тіпті үй-үйді аралап, егде жастағылармен жеке жұмыс жүргізеді. Себебі олар үшін интернет – жат, ал учаскелік полицей – таныс, сенімді адам.
Ол кешкі патрульге шығады, рейдтерге қатысады, профилактикалық шаралар өткізеді, балалар мен жасөспірімдерге құқықтық кеңестер береді, мектептермен бірлесіп тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Оның жұмысы – тек заңды сақтау емес, қоғамда сенімділік пен тыныштық орнату. Бұл жұмыстың қиындығы да, жауапкершілігі де орасан. Бірақ Бахтияр бұл жайында: «Мен бұл жолды өзім таңдадым. Адамдарға пайдалы болғанымды, олардың тыныштығы үшін еңбек етіп жатқанымды сезіну – мен үшін ең үлкен марапат», – дейді.
2021 жылдан бері ауылдық полицияда еңбек етіп келе жатқан Садуов ауыл өмірінің тынысын терең түсінеді. Ауылда өмір сәл басқаша ағады: мұнда шынайылық, адамгершілік, сенім, жақын араласу маңызды. Мұнда тәртіпті тек бұйрықпен орната алмайсың – сөзің мен ісің үйлесуі керек. Осы ерекшеліктерді жақсы меңгерген Бахтияр ауыл халқымен етене араласып, олардың сеніміне кіріп үлгерді.
Бахтияр Садуов үшін полиция формасы – тек қызмет киімі емес, бұл адалдық пен парыздың, жанашырлық пен тұрақтылықтың белгісі. Ол – тыныштық күзетшісі ғана емес, ел сенетін, ел үшін қызмет ететін азамат. Осындай адамдардың арқасында ауылдарымызда тыныштық сақталып, тұрғындар өздерін қорғансыз сезінбейді.