Солтүстік Қазақстан облысында республикалық ғылыми жоба конкурсының облыстық кезеңі аяқталды. Биылғы шара ауқымы мен оқушылардың белсенділігі жағынан ерекше болды. Қатысушылар саны бұл қызығушылықты толық дәлелдейді: 566 оқушы өтінім беріп, 480 ғылыми жұмыс ұсынды. Көпсатылы іріктеуден кейін 118 финалист 91 жобамен қатысып, үлкен ғылыми диалогтың бір бөлігіне айналды, деп хабарлайды Social Media.
Конкурс ашық көрме- жәрмеңке форматында өтті. Мұнда оқушылар тек стенд қойып қана қоймай, өз идеяларын мамандар мен келушілерге кезең-кезеңімен түсіндіруге, жобаның жасалу барысын көрсетуге, сондай-ақ оны дамыту жолдарын талқылауға мүмкіндік алды. Осындай формат тәжірибе алмасудың жандана түсуіне және қатысушылардың ғылыми ізденісін жалғастыруға серпін берді.

Жобалар қазіргі ғылыми бағыттарды қамтитын төрт негізгі санат бойынша ұсынылды:
• ғылыми-техникалық прогресс – датчиктер, автоматтандыру және цифрлық жүйелер қолданылған жобалар;
• математикалық модельдеу – күрделі үрдістер мен құбылыстарды сипаттауға бағытталған зерттеулер;
• экология және адам денсаулығы – қоршаған орта мен қауіпсіздікке қатысты бастамалар;
• тарих және мәдениет – өңірдің мұрасын зерттеу мен тануға арналған жобалар.

Көрмеде түрлі орта жағдайын бақылауға арналған цифрлық жүйелер, микроклиматты автоматты түрде реттейтін «ақылды» шағын фермалар, қиын пәндерді тереңірек меңгеруге мүмкіндік беретін білім беру платформалары және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жобалар ұсынылды. Көптеген жұмыстарда ылғалдылық пен температура датчиктері, сондай-ақ жасанды интеллект элементтері сияқты заманауи технологиялар пайдаланылған.
Ұйымдастырушылар конкурс тек жарыс қана емес, сонымен қатар қолдау, білім беру және даму алаңы болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Маңызды тұстарының бірі – жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығы келесі кезеңге өтіп, өз пәні бойынша тестілеуден өтеді. Одан кейін олардың жұмыстары Астанаға жіберіліп, түпнұсқалығы мен ғылыми сапасы сарапшылар тарапынан тексеріледі. Бұл — конкурс деңгейін халықаралық стандарттарға жақындатуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс әлемдік ғылыми жарыстар тәжірибесіне толық сәйкес келеді және оқушылардың дайын шешімдерді қайталауына емес, жаңа идеялар мен инновациялар жасауына бағытталған. Көрсетілген жобалардан бүгінгі СҚО оқушылары технологиялық дәуірде өсіп келе жатқанын және өңірдің болашағына әсер ете алатын ұсыныстар жасап жатқанын анық көруге болады

