Солтүстікқазақстандық параатлеттер тағы да жоғары нәтиже көрсетті. Олар Қазақстан Республикасының VII спартакиадасында тірек-қимыл аппараты зақымданған, көру органдары бұзылған және интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды Social Media.
Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, облыс құрамасы жарыста 35 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 14 алтын, 13 күміс және 8 қола. Мұндай нәтиже спортшылардың жоғары дайындық деңгейін және олардың республикалық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін растайды.
“Көру органдары бұзылған жеңіл атлетшілер командасын ерекше атап өткім келеді. Олар еліміздің 17 өңірі арасында жалпыкомандалық есепте 6-орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер: Авилкина Валентина, Липаева Александра, Кашмулдина Әлия, Айкенов Тамерлан, Бекмағамбетов Сайран, Надобенко Александр, Харламов Сергей, Орлов Евгений, Залезняк Иван, Эрман Владимир, Полеев Илья, Алексеев Никита, Канафин Қайрат”, – деп хабарлады СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Қол жеткізілген нәтижелер солтүстікқазақстандық параатлеттерді даярлаудың жоғары деңгейі мен жаттықтырушылар ұжымдары жұмысының тиімділігін көрсетеді. Мұндай табыстар облыстың республикалық және халықаралық аренадағы спорттық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосады.