Бейсенбі, Қазан 16, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСолтүстікқазақстандықтарға сынап термометрі сынған жағдайда не істеу керектігі еске салынды

Солтүстікқазақстандықтарға сынап термометрі сынған жағдайда не істеу керектігі еске салынды

Күз мезгілінде суық тию жағдайлары жиілейтіндіктен, көптеген адамдар дене қызуын өлшеу үшін сынап термометрлерін пайдаланады. Алайда кейде термометр қолдан түсіп, сынып кететін жағдайлар да болады. Мұндай кезде қалай дұрыс әрекет ету керектігін білу маңызды. Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға сынап термометрі сынған жағдайда не істеу керектігін еске салды, деп хабарлайды Social Media.

Егер термометр сынған болса, ең алдымен шыны сынықтары мен сынап тамшылары қай жерге тарағанын анықтау қажет. Сол жерге аяқ басуға болмайды, себебі сынап бүкіл бөлмеге тарауы мүмкін. Бірден адамдар мен үй жануарларын бөлмеден шығару керек. Сондай-ақ терезелер мен фортөшелерді ашып, бөлмені желдету қажет, өйткені сынап ауаға тез буланатын металл болып табылады.

«Сынап қандай да бір бетке соғылған кезде ұсақ тамшылар түрінде бастапқы жерден әлдеқайда алысқа шашырайды. Сондықтан өңдеу аймағы сіз ойлағаннан 1,5–2 есе үлкен болуы тиіс. Тамшыларды жинау көрінгендей қиын емес. Ең бастысы — күнделікті пайдаланатын сыпырғыш не шүберек қолданбаңыз! Тек бір рет қолдануға арналған құралдарды пайдаланыңыз, кейін оларды тастау қажет», – дейді департамент мамандары.

Алдымен ірі сынап тамшыларын жинау керек. Бұл үшін қағаз парағының көмегімен оларды алдын ала суы бар шыны банкеге салған дұрыс. Суда сынап булануын жалғастырғанымен, оның буы уақытша тежеледі, сондықтан мұндай ыдысты бір аптадан кешіктірмей жою қажет. Ірі тамшыларды инеcіз шприц немесе медициналық «груша» арқылы да жинауға болады. Ал ұсақ бөлшектерді қылқаламмен бір жерге жинап, ірі тамшыға біріктіріп, солай банкіге салу керек. Сондай-ақ ұсақ тамшыларды скотч арқылы жинау тиімді.

«Скотчтан 30–50 см көлемінде бір бөлік кесіп алыңыз. Қолғап киіп, жабысқақ жағын еденге немесе термометр сынған жерге басыңыз да, содан кейін баяу жұлып алыңыз. Назар аударсаңыз – скотчтың бетінде термометрдің сынықтары мен ұсақ жылтыраған бөлшектер қалады. Қолданылған скотчты бүктеп, алдын ала дайындалған қоқыс пакетіне салыңыз. Содан кейін жаңа бөлікті алыңыз да, процесті қайталаңыз. Беткейдің ешбір жері жабылмай қалмауы тиіс. Көптеген сынап тамшылары көзге көрінбейді, бірақ скотч оларды ұстап алады», – деп атап өтті мамандар.

Сынап толық жиналғаннан кейін бөлмені сабынды-содалы ерітіндімен бірнеше күн қатарынан сүрту керек. Ол үшін 1 литр суға 40 грамм үгітілген шаруашылық сабын мен 50 грамм сода қосылады. Әр өңдеуден кейін бөлмені желдетіп тұру қажет.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін термометрді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау және оны тек нұсқаулыққа сай пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар санитариялық дәрігерлер мүмкіндігінше электронды немесе инфрақызыл термометрлерге көшуге кеңес береді, себебі олар анағұрлым қауіпсіз балама болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер