Бейсенбі, Желтоқсан 25, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСолтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер кәсіпкерлігі және әлеуметтік бастамалар

Солтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер кәсіпкерлігі және әлеуметтік бастамалар

Солтүстік Қазақстан облысында әйелдер кәсіпкерлігі өңір экономикасының маңызды және серпінді дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып отыр. Бүгінгі таңда облыста 36 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істесе, соның 15,5 мыңын әйелдер басқарады. Бұл — өңірдегі кәсіпкерліктің 43,1 пайызы әйелдер үлесінде екенін көрсетеді, деп хабарлайды Social Media.

Статистикалық деректерге сүйенсек, әйел кәсіпкерлер көбіне көтерме және бөлшек сауда саласында еңбек етеді. Бұл бағытта 7,1 мың кәсіпкер тіркелген, яғни үлесі 45,8 пайызды құрайды. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласында — 2,2 мың, ал ауыл шаруашылығында 1,3 мың әйел кәсіпкер табысты жұмыс істеп келеді.

Қазақстанда бизнесті дамытуға қажетті барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік қолдау шаралары ерлер мен әйелдерге тең негізде ұсынылады. Солтүстік Қазақстан облысының әйел кәсіпкерлері де бизнесті қолдау мен дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға белсенді түрде қатысып отыр.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, субсидиялау тетігі аясында әйел кәсіпкерлердің 15 жобасы 863,9 млн теңге сомасына қолдау тапты. Оның ішінде ауылдық жерлерде жүзеге асырылып жатқан 9 жобаға 565,8 млн теңге бөлінді. Ал гранттық қаржыландыру бойынша 6 жоба 29,6 млн теңгеге мақұлданып, соның 5-еуі ауылдық жерлерге тиесілі болды.

Соңғы жылдары өңірде әлеуметтік кәсіпкерлік те ерекше маңызға ие болуда. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген өзгерістер нәтижесінде әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы заңнамалық тұрғыда бекітіліп, оның санаттары айқындалды. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік — мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің айқын көрінісі.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінде 15 кәсіпкер тіркелген болса, олардың 11-ін әйелдер басқарады. Бұл — әйелдердің қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді атсалысып отырғанын көрсетеді.

Әлеуметтік кәсіпкерлік салыстырмалы түрде жаңа бағыт болғанымен, небәрі 4 жыл ішінде қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді тетігі ретінде өзін дәлелдеп үлгерді. Өңірде оның табысты жүзеге асырылып жатқан нақты мысалдары да бар.

Соның бірі — «Көмек» тренинг орталығы» жеке кәсіпкерлігі. Орталық директоры Галия Акимбековна Баязитова ерекше балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне бағытталған психологиялық және түзету жұмыстарын жүргізеді. Мұнда мінез-құлықтағы ауытқулардың алдын алу, коммуникативтік дағдыларды дамыту, оңалту және қосымша білім беру бағдарламалары іске асырылады. 2025 жылы орталыққа 800 бала келіп, 64 мың сабақ өткізілді.

Тағы бір табысты жоба — Петропавл қаласындағы «Говоруша» түзету-дамыту орталығы. Орталықты Надежда Александровна Дмитриенко басқарады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалардың тұлғалық дамуына жағдай жасалып, олардың ішкі әлеуетін ашуға, дамуындағы кедергілерді еңсеруге көмек көрсетіледі. 2025 жылы орталықта шамамен 500 бала білім алып, 10 мың сабақ өтті.

Сонымен қатар, өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерліктің жарқын үлгісінің бірі — «Қазақстандық ұзақ өмір» ЖШС. Кәсіпорын басшысы Лилия Станиславовна Даниленко әлеуметтік осал топтарға гериатриялық және геронтологиялық көмек көрсетеді. Ол зейнеткерлерге арналған «Ұзақ өмір» орталығын қарт адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа қамқорлық стандарты ретінде құрды.

Алғашқы орталық 2022 жылғы 1 қарашада Петропавл қаласында 25 зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі азаматқа арналып ашылса, екі жылдан кейін тағы бір 25 орындық екінші орталық тұрақты тұру мүмкіндігімен іске қосылды. 2025 жылы орталық қызметін шамамен 100 зейнеткер пайдаланды.

Солтүстік Қазақстан облысында әйелдер кәсіпкерлігі мен әлеуметтік бастамалардың дамуы — өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге де елеулі үлес қосып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер