Солтүстік Қазақстан облысы елге жаңа спорттық қаһарманды сыйлады. 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Наталья Богданова соңғы айларда әлемдік аренада жарқырап, Ливерпульде өткен чемпионатта тарихи жеңіске жетті, деп хабарлайды Social Media.
Өз өңірінде спортты серік еткен бойжеткеннің жеңістері бүгінде ерекше мәнге ие. Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында (IBA) ол мықты қарсыластарын артта қалдырып, жартылай финалға жолдама алды. Қола медаль иеленген сол сәт – Солтүстік Қазақстан спортшылары үшін мақтанышқа айналды. Бұл жеңіс оның халықаралық деңгейдегі әлеуетін айқын көрсетті.
Жазда Астанада өткен Әлем кубогында Наталья шын мәнінде «вау» деңгейіндегі өнер көрсетті. Алдымен нигериялық Патрисия Мбатаға жол бермей, кейін финалда австралиялық Лекейша Перголитаны жеңіп, алтын медальды иеленді. Осы жеңістен кейін елдің назарында СҚО-дан шыққан чемпион қыз тұрды. Тағы бір алтынды ол Бангкоктағы беделді Thailand Open турнирінен алып қайтты.
Күзде Ливерпульде өткен әлем чемпионаты (World Boxing) Натальяның шеберлігін тағы бір дәлелдеді. Ол жартылай финалға дейін жетіп, кем дегенде қола жүлдені қоржынға салды. Бұл – жеке жеңіс қана емес, Қазақстан үшін де тарихи белес: ел тарихында тұңғыш рет бір спортшы IBA мен World Boxing турнирлерінен қатар медаль алды.
Бүгінде бүкіл Солтүстік Қазақстан өз чемпион қызымен мақтанады. Наталья Богданованың жеңісі – аймақтың ғана емес, күллі елдің рухын көтерген нағыз тарихи жетістік. Ол жастарға үлгі болып, қазақ боксының жаңа дәуірін ашты.