«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы «Мақтай» шаруа қожалығына эдильбай тұқымды қой сатып алуға қолдау көрсетті. Бұл көмек кәсіпкерге мал басын көбейтіп, өңірдегі қой шаруашылығын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Social Media.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияда хабарлағандай, «Мақтай» шаруа қожалығы 1996 жылы Қанат Молдабай мен оның әкесі Мақтайдың бастамасымен құрылған. Уақыт өте келе шаруашылық нағыз отбасылық кәсіпке айналды. Қазір Қанаттың ұлы Шерхан Молдабай шаруашылықты дамытып, туған ауылы – Тапшылды қайта жандандыру бағытында жұмыс істеп жүр.
«Біз қой шаруашылығымен 14 жылдан бері айналысып келеміз. Эдильбай тұқымды қой өсірумен қатар селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргіземіз. Сондай-ақ, шаруашылықта ірі қара мен жылқы да бар. Дегенмен негізгі бағытымыз – қой шаруашылығы. Биыл жылдың басында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 100 миллион теңге көлемінде несие алдық. Сол қаражатқа 985 бас қой, оның ішінде 955 асыл тұқымды саулық сатып алдық. Қазір біз асыл тұқымдық шаруашылық мәртебесін алуға дайындық жүргізіп жатырмыз. Келер жылы бұл мәртебені алып, саулықтар мен қошқарларды племяға сатуды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы шаруашылықтың табыстылығын арттырмақпыз», – деді Шерхан Молдабай.
Мал басы еліміздің түрлі өңірлерінен – Атырау, Ақтөбе және Орал облыстарынан сатып алынған. Қазіргі уақытта шаруашылықта шамамен 1300 бас қой бар.
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ несиелеу және жобаларды басқару департаментінің басшысы Олжас Сағандықовтың айтуынша, «Мақтай» шаруа қожалығы сегіз жыл мерзімге жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алған.
Шерхан Молдабайдың айтуынша, оның басты мақсаты – шаруашылықты өңір мен республикадағы үздік асыл тұқымдық шаруашылықтардың қатарына қосу ғана емес, сонымен бірге туған ауылы Тапшылды қайта түлету. Ол ауылға жаңа серпін беріп, жастарды тарту арқылы фермерлікті дамытуды көздеп отыр.
«Қазір ауылдың жағдайы қиындап, адамдар көшіп кетіп жатыр. Біздің мақсат – шаруашылықты дамытып, ауылды қайта жандандыруға мүмкіндік алу. Бәрі қалаға ұмтылады, бірақ ауылда да өмір сүріп, жұмыс істеуге болады. Мен адамдардың, әсіресе жастардың ауылға оралып, бірге еңбек етіп, ауылды көтергенін қалаймын», – деді ол.
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңір кәсіпкерлерін қолдауды жалғастырып келеді. Жақында Тайынша ауданында корпорацияның қолдауымен «МТФ Ясная поляна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт-тауар фермасын жаңғырту жобасы сәтті аяқталды.