Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ел Президентінің халыққа Жолдауын белсенді түрде талқылауда. Көпшілік үшін бұл сөз сөйлеу болашаққа бағыт-бағдар болып, жарияланған міндеттер – өңірдегі жаңа жетістіктер мен өзгерістерге түрткі болды, деп хабарлайды Social Media.
Өз пікірін білдіргендердің бірі – облыстық мәслихат депутаты Евгений Кинцель. Ол «Заң және тәртіп» қағидасының маңыздылығын ерекше атап өтіп, Мемлекет басшысының Парламентті реформалау жөніндегі бастамасын қолдады.
«Заңгер ретінде мені «Заң және тәртіп» – мемлекеттік тұтастығымыздың мызғымас тірегі деген сөздер ерекше қуантты. Заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділік мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық азаматтардың қызметінің негізі болуы тиіс деген пікірмен толық келісемін. Президенттің Парламентті бір палаталы ету үшін референдум өткізу туралы ұсынысын да қолдаймын. Екі палаталы парламент федеративті мемлекеттерге тән, ал Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, бізге бір палаталы Парламент жеткілікті», – деді Евгений Кинцель.
Солтүстік Қазақстан облысының бағдарламашы әрі кәсіпкері Иван Бухонин де Президент Жолдауы туралы ойымен бөлісті. Ол әсіресе жасанды интеллектіні негізгі салаларға енгізу жөніндегі тапсырмалардан ерекше әсер алғанын айтты. Оның пікірінше, бұл – мемлекеттің заманауи әлемдік үрдістерді түсініп отырғанының айқын дәлелі. Иван Қазақстанның цифрлық державаға айналуына барлық мүмкіндік бар екеніне сенімді.
«Жолдау шынымен де жүрегіме жетті. Әсіресе жасанды интеллектіні енгізу туралы нақты тапсырмалар берілгені ұнады – бұл өте маңызды әрі болашаққа бағытталған қадам», – деді Иван Бухонин.
Өз ойымен өңір жастары да бөлісті. «JE SKO штабы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Даяна Баймуканова Жолдау жастар үшін маңызды бағдар болғанын атап өтті. Оның айтуынша, жастар өзгерістерге өз үлесін қосып, осы процестердің белсенді бөлігі болуға дайын.
«Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Жастар осы өзгерістердің дәл ортасында болуы керек деп сенемін. Әсіресе Жолдауда туризмді дамытуға көңіл бөлінгені қуантады – бұл бізді шабыттандырады. Президент қойған міндеттердің орындалуына үлес қосуға шын жүректен мүдделіміз», – деді Даяна.
Даяна Баймуканованың пікірінше, алға қойылған барлық өзгерістердің негізгі қозғаушы күші жастар болуы тиіс. Оның айтуынша, тек бақылаушы болып қалмай, белсенді түрде қатысып, жаңа бастамалар ұсынып, жобаларға араласу және елдің дамуына нақты үлес қосу маңызды.