Солтүстікқазақстандықтар кикбоксингтен Әлем кубогында өңірдің намысын лайықты қорғады. Спортшылардың бірі бес дүркін чемпион атанды, екіншісі қола медальді жеңіп алды, деп хабарлайды Social Media.
Спортшылар 14-18 мамыр аралығында Түркияда күш сынасты. Әлем кубогына 41 елден 2549 адам қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасының құрамына СҚО өкілдері де енді. Олар табысты өнер көрсетіп, марапаттарға ие болды.
“Аслан Асылбеков 60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Әлем кубогының бес дүркін чемпионы атанды. Ол қарсыластарына бір де бір мүмкіндік қалдырған жоқ! Данияр Жарасов 57 кг дейінгі салмақта қола медальді жеңіп алып, мінезі мен шеберлігін көрсетті. Спортшыларды дайындаумен жаттықтырушы Дастан Қабденов айналысты”, – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Солтүстікқазақстандық кикбоксерлердің табысты өнер көрсетуі ұлттық құрама қоржынына маңызды үлес қосып, өңір спортшыларының жоғары деңгейдегі дайындығын растады.