Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті интернет-алаяқтардың жаңа айла-тәсілі туралы ескертті. Қаскөйлер халыққа жол ережесін бұзу туралы жалған хабарламалар жіберіп, жеке деректер мен банк карталарына қол жеткізуді көздейді, деп хабарлайды Social Media.
Алаяқтардың құрбандары әлемнің түрлі елдерінде анықталуда. Полиция мәліметінше, қаскөйлер мессенджерлер мен электрондық пошта арқылы жүргізушілердің деректері, көлік нөмірлері және айыппұлды төлеуге арналған сілтемесі бар жалған хабарламаларды жаппай таратып жүр.
«Шын мәнінде, бұл – фишингтік сілтеме: банк картасының деректерін енгізгеннен кейін қаскөйлер адамның шоттарына толық қол жеткізеді, барлық қаражаттың ұрлануы мүмкін. Кей жағдайларда сілтемеде құрылғыдағы жеке деректерді ұрлайтын вирус болады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасы тұрғындарға әкімшілік айыппұлдар туралы ресми хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келетінін және ешқашан төлем сілтемелерін қамтымайтынын еске салады.
«Айыппұлды төлеуге арналған сілтеме – алаяқтықтың айқын белгісі. Егер сіз мұндай сілтемеге кіріп, деректеріңізді енгізіп қойған болсаңыз, дереу банк картаңызды бұғаттап, банкке және полицияға хабарласыңыз, сондай-ақ құрылғыны вирусқа тексеріңіз», – деп атап өтті департамент өкілдері.
Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға және күмәнді хабарламаларға сенбеуге шақырады. Айыппұлдар туралы ақпаратты тек ресми ресурстардан – egov.kz сайты мен банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеру ұсынылады.