2025 жылғы 7–9 шілде аралығында Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында өткен INNOPROM-2025 халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысты. Бұл туралы Social Media хабарлайды, деп хабарлайды Social Media.
Аталған іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген іскерлік, ғылыми және технологиялық қауымдастық өкілдерін біріктіретін ең ірі форумдардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Биылғы көрмеге Қазақстан, Беларусь, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Катар, Түркия және басқа да елдердің делегациялары барлығы 17 мемлекеттен өкілдер қатысты.
Көрменің ашылу салтанаты жоғары деңгейдегі пленарлық отырыспен басталды. Оған Ресей Федерациясының Премьер-министрі Михаил Мишустин, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Виктор Каранкевич қатысты. Пленарлық отырыс барысында тараптар өнеркәсіптік саладағы ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын айқындап, технологиялық үдерістердің жедел дамуы жағдайында кооперацияның маңыздылығын атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы көрменің белсенді күн тәртібіне қосылып, салалық сессиялар мен іскерлік кездесулерге қатысып, бірқатар халықаралық және аймақтық компаниялармен іскерлік байланыс орнатты. Негізгі талқыланған тақырыптар қатарында: өндірістік үдерістерді цифрландыру, автоматтандыру, орнықты даму логистикасы, жаңа технологияларды жергіліктендіру мәселелері болды.
INNOPROM-2025 аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – делегацияның “Railways Systems KZ” ЖШС өндіріс және пайдалану жөніндегі бас директордың орынбасары А. Әбілдиновпен кездесуі болды. Кездесу барысында облыс аумағындағы маңызды машина жасау кәсіпорындарының бірі – “ЗИКСТО” АҚ-ның даму келешегі жан-жақты талқыланды. Тараптар өндірістік қуаттарды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және тиімділікті арттыру бағыттарында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдірді.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы делегациясы Татарстан Республикасының өнеркәсіп және сауда вице-министрі И.П. Колчинмен кездесті. Бұл кездесуде екі өңір арасындағы инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың әлеуеті сөз болды. Талқылау барысында ресейлік “Алабуга” АЭА мен қазақстандық “Qyzyljar” АЭА қызметі, инвестициялық ахуал, өндірістік инфрақұрылым құру, сондай-ақ инвесторларды тарту құралдарын дамыту бойынша тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды.
Кездесу шеңберінде өңіраралық өзара іс-қимылды кеңейту тақырыбына да баса назар аударылды. Атап айтқанда, 2025 жылдың күзіне жоспарланған СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың Татарстан Республикасына ресми сапары пысықталды. Тараптардың пікірінше, бұл сапар өңірлер арасындағы тікелей диалогты дамытуға және бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асырудың жаңа бағыттарын айқындауға серпін береді.
Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысының INNOPROM-2025 халықаралық өнеркәсіп көрмесіне қатысуы өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Бұл өңірдің ашықтығын, инновацияларға бейілділігін және бизнес құрылымдармен сындарлы әріптестікке дайын екенін айқын көрсетті.