Ақбұлақ ауылында қайта жаңғыртудан кейін заманауи демалыс орталығы өз жұмысын бастады. Жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылды: ауылдың әкімшілік ғимараты толықтай қайта жабдықталып, спорт, мәдениет және білім беру бағыттарын біріктіретін көпфункциялы орталыққа айналды, деп хабарлайды Social Media.

Енді ауыл тұрғындары үшін күрес залы мен тренажер залы, теннис залы, коворкинг-орталық және конференц-зал қолжетімді. Сондай-ақ жаңартылған, кең әрі жарық ғимаратта кітапхана мен этномәдени орталық өз жұмысын бастады. Жаңа инфрақұрылым жастар мен отбасылар үшін тартылыс нүктесіне айналып, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беріп, ауылдағы бастамаларды қолдауға серпін береді деп күтіледі.

Жүргізілген реконструкцияның нәтижелерімен және ауыл тұрғындары үшін жасалған жағдайлармен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Цифрлық бағытқа да ерекше назар аударылды: орталық ғимаратында жастарды оқыту мен заманауи дағдыларды дамытуға арналған IT-орталық орналасты.
«Бұл – SKO Hub базасында құрылған екінші заманауи хаб. Ол цифрлық дағдыларды дамытуға, стартап-жобаларды қолдауға және жастарды қазіргі IT-технологияларға оқытуға арналған алаң болады. Орталық кадрлық әлеуетті қалыптастыруға және ауданның цифрлық экономикасын дамытуға ықпал етеді», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ Уәлиханов ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі жол желісін жөндеу жұмыстарының барысымен танысты: соңғы 30 жылда алғаш рет ең проблемалы учаскелерде автомобиль жолдарын кешенді жөндеу басталды (Кішкенекөл – Бидайық, Тельжан – Мортық – Тлеусай – Қаратерек, Чехов – Молодая Гвардия), сондай-ақ Көкшетау – Омбы республикалық автожолының учаскелерінде жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, Кішкенекөл ауылындағы стационары бар жаңа емхананың дайындығы қаралды (нысан лицензиялау рәсімдерінен өткеннен кейін 2026 жылдың наурыз айында толық іске қосылады). Ауданның орталықтандырылған ауызсумен 100% қамтылғаны атап өтіліп, алғаш рет 67 жылда «Бәйтерек» қосалқы станциясында күрделі жөндеу жұмыстары басталғаны айтылды.

