Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалы жол құрылысының сапасын бақылау бойынша жұмыс қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Social Media.
Мамандар тек төселген жабынның жай-күйін ғана емес, сонымен қатар құрылыс материалдарының сапасын да әртүрлі деңгейде – республикалық трассалардан елді мекендердің көшелеріне дейін тексерді.
Республикалық маңызы бар автожолдарда 12 нысан қамтылды. 90 рет тексеру жүргізіліп, 692 материал сынамасы алынды. Оның 70-і немесе 10%-ы нормативтік талаптарға сәйкес келмеген. Ең жиі анықталған бұзушылықтар – су сіңіргіштік, тығыздық коэффициенті, түйіршік құрамы және қысуға төзімділік шегі. Барлығы 39 ақау тіркелді, оның 33-і жойылды, қалғандары түзету сатысында.
Облыстық маңызы бар жолдарда 11 учаске тексерілді. 20 рет шығу барысында 135 сынама алынды. Оның 40-ы немесе шамамен 30%-ы талаптарға сай келмеген. Негізгі мәселелер – тығыздаудың жеткіліксіздігі, шамадан тыс ылғалдылық және материалдардың фракциялық құрамының сақталмауы. Бір ақау тіркеліп, ол әлі жойылған жоқ.
Аудандық жолдарда 8 нысан зерттелді. 10 тексеру барысында 52 сынама алынды, оның 48%-ы – яғни әр екінші сынама – талапқа сәйкес болмады. Негізгі проблемалар – жеткіліксіз тығыздау және материалдардың жоғары ылғалдылығы.
Елді мекендердегі көшелер ерекше алаңдаушылық тудырады. Бұл жерде 10 нысан қамтылып, 11 шығу жүргізілді, 43 сынама алынды. Соның ішінде 31 сынама немесе 72%-ы нормативтік стандарттарға сәйкес келмейді. Ең көп бұзушылық – тығыздау технологиясының сақталмауы және материалдардың суға қанығуы, бұл жабынның ұзақмерзімділігіне тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар, жол қоспасын жеткізетін асфальт-бетон зауыттары да тексерілуде. 15 сәуірден бастап филиал мамандары 27 жұмыс істеп тұрған АБЗ-ны зерттеді. Оның ішінде 21 зауыт техникалық талаптарға сай, үшеуі тексеру кезінде жұмыс істемеген, ал тағы үшеуі нормативтік техникалық құжаттамаға сәйкес келмеген.
Әрбір сәйкессіздік фактісі бойынша сынақ хаттамалары жасалып, мердігер ұйымдарға ресми хаттар жолданды. Анықталған ақауларды жою бойынша бақылау жұмыстары жалғасуда. Мұндай тәжірибе жол құрылысы технологияларының сақталуын жүйелі түрде бақылауға және бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді, бұл жабынның мерзімінен бұрын тозу қаупін азайтып, жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.