Солтүстік Қазақстан облысында тұмауға қарсы иммундау науқаны жалғасуда. Қауіп тобына жататын азаматтарды қамту мақсатында Ресейде өндірілген 60 мың доза вакцина сатып алынды. Бүгінде өңірде 56 мыңнан астам адам екпе алды, деп хабарлайды Social Media.
Тұмауға қарсы вакцинация тегін түрде тіркелген емханаларда жүргізіледі. Қауіп тобына медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлері мен сәбилер үйінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ қарттар үйлерінің тұрғындары кіреді. Эпидемиологиялық көрсеткіштерге сәйкес, екпе жүкті әйелдерге (жүктіліктің екінші және үшінші триместрінде), созылмалы ауруы бар адамдарға, 65 жастан асқан азаматтарға және өзге де жоғары қауіп тобына жататындарға салынады.
2025–2026 жылғы эпидемиялық маусым басталғалы облыста 11 мыңнан астам жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жағдайы тіркелді. Аурудың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Соңғы аптада 2 154 жаңа жағдай тіркелді.
Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға алғашқы тұмау немесе ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспауға кеңес береді. Департамент мамандарының айтуынша, дәрігерді үйге шақырып, науқасты оқшаулау қажет. Бала ауырған жағдайда оны мектепке немесе балабақшаға жібермеу маңызды, себебі бұл инфекцияның таралуына жол бермейді. Аурудың ұзаққа созылуы пневмония сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу үшін үй-жайларды жиі желдетіп тұру, қолды мұқият жуу және антисептик қолдану, аурушаңдықтың өсу кезеңінде адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу немесе бетперде тағу, иммунитетті нығайту, спортпен айналысу және дұрыс ұйқы мен тамақтану режимін сақтау қажет.

