Солтүстік Қазақстан облысындағы егін жинау науқанының барысы туралы өңірдің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Даурен Токужинов мәлімдеді. Брифинг барысында ол аграрийлерді қолдау шаралары және өнім жинауды аяқтау жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Social Media.
Биыл көктемгі егіс науқаны оңай жағдайда өткен жоқ: мамыр айында 31,8 мм климаттық нормаға қарсы 73 мм жауын-шашын түсті. Бұл көрсеткіш көпжылдық орташа деңгейден екі есе артық. Дегенмен екі ауысымдық жұмыс режімі мен мамандардың үйлесімді еңбегінің арқасында егіс жұмыстары агротехникалық оңтайлы мерзімде – 5 маусымда аяқталды.
«Биылғы маусымдағы ылғалдың молдығы қолайлы агрофон қалыптастыруға негізгі факторлардың бірі болды: бұл дақылдардың біркелкі шығуына, жақсы түптенуіне және өсімдіктің вегетативтік массасының қарқынды дамуына ықпал етті. Осылайша жоғары өнім алуға берік негіз қаланды. Қазіргі таңда облыста дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары жүргізілуде», – деді Даурен Токужинов.
Биыл егіс алқабы жалпы 4,3 миллион гектарды құрады. Өңір егіс құрылымын әртараптандыруды жалғастырып, зығыр, рапс, күнбағыс және жасымық егістіктерін ұлғайтып келеді.
Даурен Токужиновтың айтуынша, өнімнің тұрақты сапасы мен көлемінің арқасында бұршақ дақылдарының экспорты сенімді түрде өсіп отыр. Атап айтқанда, бұршақ пен жасымықтың айтарлықтай бөлігі шетелге жөнелтілген. Экспорттау процесі қиындық тудырмайды – фитосанитарлық паспорт пен экспорттық сертификат небәрі екі жұмыс күнінде рәсімделеді. Мысалы, Магжан Жұмабаев ауданының «СК Агро» ЖШС шаруашылығы жасымықты тікелей Түркияға экспорттап отыр.
«Айта кету керек, жасымық өсіруге жұмсалатын шығын бидайға кететін шығынмен шамалас, бірақ оның нарықтағы құны 2,5 есе жоғары. Бұл бұршақ дақылдарын өңір үшін ең табысты әрі стратегиялық маңызы бар бағытқа айналдырады. Ол аграрийлерге тұрақты кіріс пен ішкі және сыртқы нарықтарда өнімге тұрақты сұраныс береді», – деді спикер.
Биылғы жылы 340,1 мың тонна минералды тыңайтқышқа келісімшарт жасалып, 52,5 мың тонна элиталық тұқым себілді. Сорт жаңарту деңгейі 11,2%-ды құрады, бұл өнімділікті арттыруға және өнім сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Күзгі дала жұмыстарына литрі 254 теңгеден 58,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Ал нарықтағы бағасы литріне 315 теңгені құрайды. Бұл аграрийлердің шығындарын айтарлықтай азайтады.
Биылғы егін жинау науқанына 7 мың астық жинайтын комбайн тартылған, олардың 4 мыңы – жоғары өнімді заманауи техника. Сондай-ақ 12,3 мың трактор, 9 мың тіркеме, 4,5 мың жапсырма және 5,6 мың жүк көлігі қолданыста. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жалпы құны 38,3 миллиард теңгені құрайтын 1395 жаңа техника сатып алды.
Жаңа астықты қабылдап, сақтауға жалпы сыйымдылығы 6,9 миллион тонна болатын қоймалар дайындалған, оның ішінде 45 астық қабылдау кәсіпорнында – 3,2 миллион тонна.