Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға бағытталған республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл игі бастама қоғамдастықтың қайырымдылық рухын нығайтып, жыл сайын мыңдаған оқушыға нақты көмек көрсетуге мүмкіндік беретін дәстүрлі әлеуметтік жобаға айналды, деп хабарлайды Social Media.
2019 жылдан бастап акция жыл он екі ай жалғасатын тұрақты форматқа көшкенімен, әсіресе жаз мезгілі – жаңа оқу жылына дайындық кезеңі – демеушілер мен барлық мүдделі тараптардың күшін біріктірудің шешуші уақыты саналады. Биылғы науқан «Жақсылық жаса» деген айшықты ұранмен өтуде. Бұл ұран акцияның мазмұны мен мәнін дәл сипаттап тұр.
Акция аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге нақты және мақсатты қолдау көрсету көзделген. Мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары мен басқа да оқу құралдары – олардың сапалы білім алуы үшін қажетті ең басты құралдар.
Солтүстік Қазақстан облысы жыл сайын бұл игі іске белсенді атсалысып келеді. Өңірде тұрақты демеушілер тобы қалыптасқан. Олардың қатарында облыс әкімдігіне қарасты мекемелер, аудандық әкімдіктер, Петропавл қалалық бөлімдерімен қатар, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шағын және орта бизнес өкілдері де бар. Атап айтқанда, «Мамбетов және К» КТ, «Зенченко және К» ЖШС, «Новомихайловское 2003», «Қызыләскерское», «Дайындық АГРО», «Полтавское», «Август», «Стан», «Гермес Агро», «Штыма В.И.» шаруа қожалығы, «Мереке» жеке кәсіпкерлігі және тағы басқа бірқатар серіктестіктер мен ұйымдар ерекше белсенділік танытып отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, олардың қолдауымен 13 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіліп, жалпы сомасы 480 миллион 9 мың теңгеге жеткен. Бұл қаражатқа мектеп формалары, аяқ киімдер, сөмкелер мен оқу құралдары сатып алынған.
2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында көмекке мұқтаж деп танылған балалар саны – шамамен 8,5 мың. Қазірдің өзінде олар бойынша арнайы тізімдер жасалып, демеушілермен тығыз жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп отыр: ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес, әрбір балаға 46 228 теңге көлемінде қаржылай көмек қарастырылған. Бұл қаражат мектепке қажетті заттарды сатып алуға бағытталады. Қолдауды алу үшін ата-аналар тиісті растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Аталған көмек ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызметтер тізбесіне енген.
Айта кету керек, өтініштер тек қағаз түрінде қабылданады. Білім беру ұйымдары – ресми қызмет көрсетуші ретінде – ата-аналарға құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, оларды аудандық білім бөлімдеріне жолдайды. Мұндай тәртіп қолдауды алу рәсімінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күн қалды. Осы кезең – мейірім мен жанашырлықты, қоғам болып ұйыса әрекет етудің қажеттілігін тағы бір еске салатын сәт. Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы барлық өңір тұрғындарын, кәсіпкерлерді, үкіметтік емес ұйымдарды және бейжай қарамайтын жандарды «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысуға шақырады.
Әрбір берілген дәптер, сөмке немесе аяқ киім – бір баланың ертеңге сеніммен қадам басуына, білім жолын лайықты бастауына жасалған ізгі қадам. Осындай қарапайым да жүректен шыққан көмек кейде баланың тағдырын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Акция әлі де жалғасуда. Әрбір азаматтың шын көңілмен жасаған үлесі – болашаққа салынған мызғымас негіз. Балаларға қолдау көрсету – тек қайырымдылық емес, ол – жауапты әрі адамгершілігі жоғары қоғамды қалыптастырудың нақты көрінісі. Қазірдің өзінде қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Жақсылық жолында бірге болайық!