Сәрсенбі, Қараша 5, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСолтүстік Қазақстан облысында туберкулезді емдеудің заманауи тәсілдері талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысында туберкулезді емдеудің заманауи тәсілдері талқыланды

Петропавл қаласында дәріге төзімді туберкулезді (ДТ-ТБ) емдеудің қазіргі заманғы әдістеріне және дәрілік заттардың қауіпсіздігін белсенді мониторингілеуге арналған екі күндік тренинг өтті, деп хабарлайды Social Media.

Іс-шара Солтүстік Қазақстан облыстық фтизиопульмонология орталығының базасында ұйымдастырылып, аймақтың түрлі аудандарынан келген фтизиатрлар, фтизиопедиатрлар және бастапқы буын дәрігерлерін біріктірді.

Тренингті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы Глобалдық қордың «Қазақстанда дәріге төзімді туберкулезге тиімді ден қою шаралары» жобасы аясында (2023–2025 жж.) ұйымдастырды. Мақсаты – дәрігерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, туберкулездің көп дәріге төзімді түрін диагностикалау, емдеу және науқастарды бақылау бойынша құзыреттерін арттыру.

Бағдарлама барысында қатысушылар дәрістер тыңдап, BPaL және BPaL/M қысқа мерзімді емдеу режімдерін енгізу мен кеңейту мәселелерін талқылады, клиникалық жағдайларды қарастырды және Туберкулезбен ауыратын науқастардың ұлттық тізілімімен жұмыс істеу бойынша тәжірибелік сабақтар өткізді. Ерекше назар жанама әсерлерді бақылауға, емдеу схемаларын дұрыс таңдауға және ем тиімділігін бағалаудың заманауи тәсілдеріне аударылды.

«Денсаулық үшін серіктестер» үкіметтік емес ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Еркебұлан Әлгожин атап өткендей, әлемдік тәжірибе қысқа мерзімді емдеу курстарының жоғары тиімділігін дәлелдеді.

«Бұрын емдеу жиырма айға дейін созылатын болса, бүгінде жаңа схемалар арқасында оның ұзақтығы алты–тоғыз айға дейін қысқарды. Мұндай бағдарламалардың тиімділігі 80 пайыздан асады және олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан ресми түрде ұсынылған», – деді Еркебұлан Әлгожин.

Оның айтуынша, емдеудің негізгі бөлігі – бактерияға қарсы препараттар. «Туберкулез – Кох таяқшасы қоздыратын жұқпалы ауру. Сондықтан негізгі дәрілерге қоздырғыштың сезімталдығы сақталуы өте маңызды. Емдеу кешенді түрде жүргізіледі және бірнеше препараттың үйлесімін қамтиды, олар бірігіп бактерияның өсуін тоқтатып, оны ағзадан толық жояды», – деп түсіндірді маман.

Сонымен қатар, Қазақстанда қазіргі таңда халықаралық GDF тетігі арқылы жеткізілетін сапалы және заманауи препараттар бар екенін атап өтті.

«Біздің елімізде қолданылатын барлық туберкулезге қарсы дәрілер халықаралық стандарттарға сай сертификатталған», – деді ол.

Облыстық фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, аймақта оң үрдіс байқалады: биылғы тоғыз айда туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 100 мың адамға шаққанда 24,1-ді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,7 пайызға төмендеген. Барлығы 125 жаңа жағдай тіркелген, бұл 2024 жылғы 144 жағдаймен салыстырғанда аз. Балалар арасындағы көрсеткіш те екі есе төмендеген – 10-нан 5 жағдайға дейін.

Алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Тоғыз ай ішінде 113 мыңнан астам тұрғын флюорографиялық тексеруден өткен, бұл жылдық жоспардың 87 пайызына тең. 77 жаңа науқас анықталған, ал тәуекел топтарындағы адамдардың 80 пайызы тексеріліп, қосымша 65 жағдай ерте диагностикаланған.

Балалар арасындағы профилактика да назардан тыс қалған жоқ: 18 мыңнан астам бала туберкулин сынамасын тапсырды, 2 жаңа жағдай анықталды. Вакцинация тұрақты түрде жүргізілуде – 2916 жаңа туған нәрестенің шамамен 95 пайызы егілді, қосымша иммундауды есепке алғанда қамту деңгейі 96,5 пайызды құрады.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында белсенді туберкулезбен 236 пациент диспансерлік есепте тұр. Дәрігерлердің айтуынша, заманауи емдеу тәсілдерін енгізу мен профилактикалық шаралардың белсенді жүргізілуі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Өткізілген тренинг өңір дәрігерлерінің кәсіби әлеуетін нығайту мен туберкулезбен күрестің тиімділігін арттыру жолындағы тағы бір маңызды қадам болды. Қатысушылар алған білімдерін тәжірибеде қолдануға ниетті, бұл өз кезегінде аурушаңдықты одан әрі төмендетуге және Солтүстік Қазақстан облысы халқының денсаулығын жақсартуға ықпал етпек.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер