Солтүстік Қазақстан облысының әкімі бастамасымен және автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, екі жылжымалы көліктік бақылау бекеті сатып алынды, деп хабарлайды Social Media.

Аталған заманауи жылжымалы кешендер облыс аумағында жүк көліктерінің салмақтық және габариттік талаптарды сақтауын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Жылжымалы бекеттер ең көп жүктеме түсетін және проблемалық учаскелерде, соның ішінде елді мекендерге кіреберіс және шығаберіс жолдарда пайдаланылатын болады.
Жаңа бақылау бекеттерін енгізу төмендегі мақсаттарға бағытталған: автомобиль жолдарының бұзылуының алдын алу, ауыр жүк көліктерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту, тасымалдаушылар үшін әділ және тең талаптарды қамтамасыз ету, тасымалдау саласындағы тәртіп пен жауапкершілікті арттыру.
Жылжымалы көліктік бақылау бекеттері стационарлық пункттерге тәуелді болмай, бақылау шараларын жедел жүргізуге және тексеру аумағын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі қабылданып жатқан бұл шаралар өңір тұрғындарының мүддесі үшін жүзеге асырылып жатқанын және жол инфрақұрылымын сақтау, қауіпсіздікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтеді.

