Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Шал ақын ауданына жұмыс сапары барысында ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған ірі жобалардың жүзеге асу барысымен танысты, деп хабарлайды Social Media.
Аудан бүгінде инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртудан бастап, аграрлық салаға цифрлық шешімдер мен инновацияларды енгізуге дейін барлық бағыттар бойынша тұрақты оң қарқын көрсетіп отыр.
Сапардың маңызды оқиғаларының бірі – Сергеевка қаласында елдегі алғашқы аудандық IT-орталықтың ашылуы болды. Бұл нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құрылып, ауылдық жерлердің цифрлық экожүйесінің маңызды бөлігіне айналмақ. Орталық жастарды бағдарламалау, деректерді талдау және жасанды интеллект салаларындағы заманауи цифрлық құзыреттерге оқытуға мүмкіндік береді.
Бұл бастама әсіресе ауыл халқы басым Солтүстік Қазақстан облысы үшін өзекті. Әкімнің айтуынша, цифрлық инфрақұрылымды дамыту аудан деңгейінен басталуы тиіс, сонда әрбір тұрғын, тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи мүмкіндіктерге қол жеткізе алады. Алдағы уақытта осындай IT-орталықтар облыстың басқа да аудандарында ашылмақ.
Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай өзгерістер байқалады. «Asyl Farms» ЖШС өңір үшін тың жоба – қант қызылшасын өсіру және өңдеу ісін қолға алған. Биыл шаруашылық алғашқы өнімін жинап, солтүстік климат жағдайында да заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы тұрақты нәтиже алуға болатынын дәлелдеді. Компанияның жоспарында егіс көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайтып, 2028 жылға қарай жылына 1 миллион тонна шикізат өңдейтін зауыт салу бар. Кәсіпорын жылына 200 мың тоннаға дейін қант өндіретін болады, бұл еліміздің импортқа тәуелділігін азайтып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, компания картоп өсіру бағытында да дамып келеді. Биыл бұл дақыл 240 гектарға егілді, гектарына 45 центнер өнім алынды. Өнімді сақтауға арналған сыйымдылығы 8 400 тонна болатын заманауи көкөніс қоймасы салынды, бұл нарыққа жыл бойы үздіксіз картоп жеткізуге мүмкіндік береді.
Ауданда инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Су тарту саласында 12 жоба іске асырылып жатыр, оған 12 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Жалпы ұзындығы шамамен 35 шақырым автомобиль жолдары жөнделді. Жылыту маусымы қалыпты режимде өтуде, барлық қазандықтар қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ гидротехникалық торапты нығайту жұмыстары жүргізілуде, бұл су шаруашылығы нысандарының сенімділігін арттырып, су тасқыны қаупін азайтады.
Шал ақын ауданы бүгінде кешенді даму үлгісіне айналуда: мұнда инновациялар, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлудің үйлесімі байқалады. Іске асырылып жатқан жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға септігін тигізуде. Бұл өз кезегінде бүкіл Солтүстік Қазақстан облысының экономикалық әлеуетін нығайтады.