Солтүстік Қазақстан облысының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Полицей – балалардың досы әрі қорғаушысы! Полицеймен бірге қауіпсіз!» тақырыбымен іс-шаралар өтті. Аталған іс-шаралар «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру аясында ұйымдастырылды. Кездесулер облыстық прокуратура, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар және педагогикалық қауымдастықтың бірлесуімен өтті, деп хабарлайды Social Media.
Кездесулердің негізгі мақсаты – балалардың полиция қызметкерлеріне деген сенімін қалыптастыру, құқық қорғау органдарының жағымды бейнесін жасау, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлықтың бастапқы дағдыларын дамыту болды. Іс-шаралар барысында Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарындағы және Петропавл қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарға баратын 4–6 жас аралығындағы балалар қамтылды. Аталған жас санатындағы балалардың жалпы саны 6000-нан асты.

Іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері балабақша тәрбиеленушілеріне жеке қауіпсіздік ережелерін қолжетімді әрі көрнекі түрде түсіндіріп, қызметтік жабдықтардың элементтерін көрсетті, интерактивті сабақтар өткізді және балалардың полиция қызметі туралы қойған көптеген сұрақтарына жауап берді. Кездесулер балалардың ерекше қызығушылығын тудырды: олар әңгімелерге белсенді қатысып, танымдық белсенділік танытып, полицейлердің жұмысы туралы сұрақтар қойды.

Сонымен қатар, кездесулер соңында балаларға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл олардың бойында жағымды эмоциялар қалыптастырып, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне деген жылы әрі сенімді қарым-қатынасты бекітуге ықпал етті.

Осындай бастамаларды жүзеге асыру қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтуға, өсіп келе жатқан ұрпақтың заңға деген құрметін қалыптастыруға және қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан дамытуға септігін тигізеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

