Бейсенбі, Қазан 23, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСолтүстік Қазақстан облысының полицейлері Республика күнін салтанатты түрде атап өтті

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Республика күнін салтанатты түрде атап өтті

Петропавл қаласындағы «Жастар» сарайында Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғам өкілдері және шақырылған қонақтар жиналып, Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл мереке – құқық тәртібі мен азаматтардың тыныштығын қорғап жүрген адамдарға деген құрметтің жарқын көрінісі болды, деп хабарлайды Social Media.

Жиналғандарға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдулдинов құттықтау сөздерін арнады.

Олар ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін мемлекеттік мерекемен құттықтап, адал қызметі, кәсібіне деген берілгендігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі зор үлесі үшін алғыстарын білдірді.

Облыс әкімі аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полицияның ерекше рөлін атап өтті:

«Құрметті ардагерлер, қонақтар, ішкі істер органдарының қызметкерлері! Сіздерді ұлттық мерекемен – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тарихи таңдауын айқындап, еліміздің ілгері дамуына мықты негіз қалады. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты жетістіктерінің бірі – тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік. Бұл бағытта құқық қорғау органдарының үлесі зор. Олар қылмысқа сенімді тосқауыл қойып, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етіп келеді», – деді Ғаеуз Нұрмұхамбетов.

Өңір басшысы өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңның үстемдігін нығайту жөніндегі саясаты елде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Адал заң – адал заман» тұжырымдамасы құқықтық мемлекетті дамытуға бағытталған ауқымды реформалардың негізіне айналды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті қылмысқа қарсы іс-қимыл жасауда зор әлеуетке ие. Қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен адал еңбегінің арқасында азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Халықтың тыныштығы сенімді қолда деп нық сеніммен айтуға болады», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол полиция қызметкерлеріне күнделікті еңбектері үшін алғыс айтып, олардың жұмысының сапасы адамдардың заң мен әділдікке деген сенімін арттыратынын атап өтті. Облыс әкімі ардагерлерге де ерекше алғыс білдіріп, олардың жас ұрпаққа ерлік пен адалдықтың үлгісі болып отырғанын айтты.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтың полиция ардагерлері мен қызметкерлеріне арналған құттықтау жеделхаты оқылды.

Мерекенің дәстүрлі бөлігі ретінде үздік қызметкерлерге марапаттар табысталды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі полицияның үздік қызметкерлері – подполковник Айгүл Жұматаева мен Алёна Дёроваға, капитандар Жастілек Естаулетов пен Рустам Нұрғалиевке, сондай-ақ старшина Арман Молдахметовке Құрмет грамоталарын тапсырды.

Ал облыс әкімінің Алғыс хаттарына полковник Әлішер Нұралиев, майор Вадим Конюшевский және капитан Меруерт Амиржанова ие болды.

Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов те өз тарапынан бірқатар қызметкерлерді кәсіби шеберлігі мен адал еңбегі үшін ведомстволық марапаттармен марапаттады.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен аяқталды. Онда Отан, тәуелсіздік және бірлік тақырыбындағы патриоттық әндер мен музыкалық композициялар орындалды.

Мереке күндері полицейлер дәстүр бойынша күшейтілген қызмет тәртібінде жұмыс істеп, Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуді жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер