Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің энергетиктері арасындағы халықаралық кәсіби шеберлік байқауының қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан барған электромонтерлер командасы үздіктердің қатарынан көрінді. «Солтүстік Қазақстан РЭК» АҚ мамандары Қазақстанның намысын лайықты қорғап, екінші орынды иеленді. Байқау 27–30 маусым аралығында Қырғызстанда өтті, деп хабарлайды Social Media.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі хабарлағандай, жарысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан командалары қатысса, Түркия мен Венгрия байқауға бақылаушы ретінде қатысты. Екі күн бойы солтүстікқазақстандық энергетиктер жоғары дайындық деңгейін, үйлесімді жұмыс пен практикалық тапсырмаларды мінсіз орындау шеберлігін көрсетті. Байқау бағдарламасы нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын үш негізгі кезеңнен тұрды.
«Бірінші кезеңде – “Электр тогынан зардап шеккен адамды босату” – қатысушылар апаттық жағдайды имитациялау арқылы құтқару әрекеттерін шапшаң әрі дұрыс орындау қабілеттерін көрсетті. Екінші кезеңде – “Манекен-тренажёр арқылы алғашқы көмек пен реанимация жасау” – энергетиктер төтенше жағдайда аса қажет болатын алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын паш етті. Ал келесі кезеңде – “10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияда өртті сөндіру” – команда шартты өртті сәтті жойып, штаттан тыс жағдайларда жедел әрекет етуге дайын екендерін дәлелдеді», – делінген басқарма таратқан хабарламада.
«2025 жылдың үздік тарату электр желілері бригадасы» атағы үшін Виктор Пархоцюк, Надияр Құнанбаев, Иван Ефименко, Валерий Шукаев және Сергей Шаренков сынды мамандар бақ сынады.
Қазылар алқасы солтүстікқазақстандық команданың тапсырмаларды орындаудағы шеберлігіне, дәлдігі мен жылдамдығына жоғары баға берді. Әсіресе, Виктор Пархоцюктің жеке жетістігі ерекше атап өтілді – ол өз номинациясында «Үздік шебер» атағына ие болды.
«Бұл нәтиже – мамандарымыздың кәсіби даярлығының, жауапкершілігі мен мамандыққа деген адалдығының дәлелі. Біз командамызбен мақтанамыз және олардың тәжірибесі мен шеберлігі еліміздің энергетикалық жүйесінің сенімді жұмысына үлес қоса беретініне сенімдіміз», – деді Виктор Пархоцюк.
Аталған байқау әртүрлі елдердің энергетиктері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып, электр энергетикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын тағы бір дәлелдеді.