Сенбі, Қазан 4, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыСолтүстік Қазақстанда жасанды интеллект пен телемедицинаны дамытуға басымдық берілуде

Солтүстік Қазақстанда жасанды интеллект пен телемедицинаны дамытуға басымдық берілуде

Солтүстік Қазақстан облысында цифрландыру қоғам өмірінің маңызды салаларына белсенді түрде енгізіліп келеді. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйелері жаңа технологиялардың арқасында өзгере түсуде. Жасанды интеллект, телемедицина және электронды денсаулық карталары өңір тұрғындарына, әсіресе ауылдық жерлерде, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Social Media.

Бұл тақырып «AMANAT» партиясының СҚОФ жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында талқыланды. Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерге ерекше назар аударылды. Кеңес төрайымы Сәуле Сұрағанова атап өткендей, цифрландырудың түпкі мақсаты – әр тұрғын үшін сапалы әрі қолжетімді қызмет түрлерін қамтамасыз ету.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова алдағы 2025–2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллектке қатысты жаңа тақырыптардың енгізілетінін хабарлады. Қазірдің өзінде 270 оқушы бағдарламалау және жасанды интеллект негіздерін оқып шыққан. Сонымен қатар 300-ден астам мұғалім заманауи STEM-жабдықтарымен жұмыс істеуді үйренді. «Мектеп жасанды интеллект дәуірінде балаларды ойлануға, ізденуге және бейімделуге үйрететін ортаға айналуы тиіс», – деді ол.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мамадияр Байғұлов медицина саласындағы цифрлық шешімдердің қарқынды енгізіліп жатқанын атап өтті. Өңірде электронды денсаулық карталары, дәрігерге онлайн жазылу, телемедицина және науқастардың денсаулығын қашықтан бақылау жүйелері іске қосылды. «Телемедицинаның көмегімен ауыл тұрғындары үйден шықпай-ақ кардиолог, эндокринолог, педиатр сияқты тар мамандардан кеңес ала алады. Пилоттық жоба аясында 8 мыңнан астам онлайн-консультация жасалды», – деді ол.

Сонымен қатар медициналық мекемелерде жасанды интеллектке негізделген Smart ECG жүйесі енгізілуде. Бұл технология дәрігерлерге электрокардиограмма деректерін қашықтан жедел талдап, диагноз қою үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысында цифрлық технологиялар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға нақты үлес қосуда.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер